Сәрсенбі, 9 сентября, 2026
spot_img
Басты бетӘлемАҚШ пен Иран қақтығысы ушықты

АҚШ пен Иран қақтығысы ушықты

АҚШ Иранға тиесілі бес мұнай танкерін жойғанын мәлімдесе, Тегеран бұған жауап ретінде Иорданиядағы америкалық әскери базаға және Ормуз бұғазындағы кемелерге шабуыл жасағанын хабарлады, деп хабарлайды Qaznews.kz.

АҚШ Орталық қолбасшылығының дерегіне сәйкес, 8 қыркүйекте америкалық күштер Иранның бес мұнай танкеріне соққы берген. Вашингтон бұл кемелерді Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (IRGC) және оның өңірдегі одақтастарын қаржыландыратын жасырын желінің құрамдас бөлігі деп сипаттады.

АҚШ билігінің мәліметінше, операция Иранның екі күн қатарынан америкалық әскери кемеге баллистикалық зымырандармен шабуыл жасау әрекетіне жауап ретінде жүргізілген. Америкалық кеме шабуылдардан сәтті жалтарған, әскери қызметшілер арасында зардап шеккендер болмаған.

Өз кезегінде Иран Иордания аумағындағы Әл-Азрақ әскери базасына баллистикалық зымырандармен соққы жасағанын мәлімдеді. Тегеран шабуыл нәтижесінде америкалық нысандарға айтарлықтай зиян келтірілгенін алға тартты.

Алайда Иордания Қарулы күштері атылған 20 зымыранның 18-і әуе қорғаныс жүйесі арқылы жойылғанын хабарлады. Қалған екі зымыран адам тұрмайтын аймақтарға түскен. Ресми мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ.

Сонымен қатар Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазында 10 кемеге шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Олардың қатарында екі америкалық кеме мен сегіз мұнай танкері бар. Иран тарапы бұл кемелердің «қауіпті әрі тыйым салынған» аймақ арқылы өтуге әрекеттенгенін айтқан.

Ормуз бұғазы әлемдік мұнай саудасындағы негізгі стратегиялық бағыттардың бірі саналады. Осы аймақтағы соңғы шабуылдар мұнай тасымалының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп, халықаралық нарыққа әсер етті.

9 қыркүйекте Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 100 доллардан асып, соңғы алты аптадағы ең жоғары деңгейге көтерілді. Сарапшылар бағаның өсуін Ормуз бұғазындағы тасымалдың бұзылу қаупімен және Сауд Арабиясындағы энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдармен байланыстырады.

Reuters агенттігінің жазуынша, Иранның әрекеттері мен АҚШ-тың танкерлерге жасаған соққылары өңірдегі әскери және энергетикалық текетіресті жаңа кезеңге шығарды. Сарапшылар Парсы шығанағындағы жағдайдың ушығуы әлемдік мұнай жеткізіліміне қосымша қауіп төндіріп отырғанын айтады.

Бұған қоса, Иранды қолдайтын хусит қозғалысы Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі бірқатар нысандарға зымыран және дрон шабуылдарын жасаған. Сауд билігі кей жерлерде өрт шыққанын және бейбіт тұрғындардың зардап шеккенін мәлімдеді.

Осылайша, АҚШ пен Иран арасындағы текетірес әскери қақтығыс шеңберінен шығып, мұнай тасымалы мен жаһандық энергетика нарығына тікелей әсер ететін деңгейге жетіп отыр.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр