Сәрсенбі, 9 сентября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпҚоғамдық жерде балағат сөз айтқандар куәгерсіз де жазалануы мүмкін

Қоғамдық жерде балағат сөз айтқандар куәгерсіз де жазалануы мүмкін

Қазақстанда қоғамдық орындарда бейәдеп сөз қолданған азаматтар жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ол үшін міндетті түрде куәгердің болуы шарт емес. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaznews.kz.

Министрліктің мәліметінше, қоғамдық орында былапыт сөз айту Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес ұсақ бұзақылық болып саналады.

Мұндай әрекет үшін шамамен 86 мың теңге айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ құқық бұзушы 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Егер дәл осындай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, қамау мерзімі 20 тәулікке дейін ұлғаяды.

ІІМ түсіндіруінше, құқық бұзушылықты тіркеуде оның қоғамдық жерде жасалғаны негізгі өлшем болып табылады. Сондықтан жанында адамдар болмаса да, балағат сөз айтылғаны бейнебақылау камераларының жазбалары немесе өзге де материалдар арқылы дәлелденсе, азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Мұндай фактілерді полиция қызметкерлері патрульдеу барысында, әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарына жүргізілетін мониторинг кезінде, сондай-ақ азаматтардың «102» нөміріне немесе электронды сервистер арқылы жолдаған өтініштері негізінде анықтайды.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр