Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагөзов Бішкекте салынған жаңа «Бішкек-Арена» стадионының құнына қатысты қоғамда тараған пікірлерге түсініктеме берді. Оның айтуынша, нысанның құрылысына 386 млн АҚШ доллары жұмсалған, ал стадионның 60 млн долларға салынғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Алагөзовтың сөзінше, стадион құрылысы басталған кезде 30-35 мың көрерменге арналған қарапайым спорт нысанын салу жоспарланған. Сол кезеңде Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев жобаның құны шамамен 60 млн доллар болуы мүмкін екенін айтқан.
Алайда кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бастапқы жобаны түбегейлі өзгертіп, стадионды қырғыздың киіз үйі үлгісінде салуды тапсырған. Сонымен қатар ғимарат ішінде сауда орталықтары, мейрамханалар, кафелер, супермаркет, кинотеатрлар, спорт залдары және балалар алаңдары қарастырылған.
«Керісінше жағдайда стадионды ұстау мемлекет бюджетіне ауыр салмақ түсірер еді. Болашақта бұл нысан табыс әкелетін жобаға айналуы керек деген міндет қойылды», – деді Алагөзов.
Оның мәліметінше, осыдан кейін жоба толықтай қайта әзірленіп, құрылыс аумағы 194 248 шаршы метрге дейін ұлғайтылған. Нәтижесінде стадионның сыйымдылығы да артып, қазір ол 51 252 көрерменге есептелген.
Баспасөз хатшысы стадионды кеңейтуге FIFA талаптары да әсер еткенін айтты. Өйткені әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізу үшін арена кемінде 50 мың көрерменді қабылдай алуы қажет.
«Бішкек-Аренаның» негізгі сипаттамалары
Ресми мәлімет бойынша:
- жер телімінің аумағы – шамамен 20 гектар;
- құрылыс алаңы – 194 248 шаршы метр;
- ғимараттың диаметрі – 280 метр;
- биіктігі – 70 метр;
- 8 қабаттан тұрады;
- көрермендер саны – 51 252 орын;
- сметалық құны – 386 млн доллар.
Стадион құрамында коммерциялық инфрақұрылым да бар. Атап айтқанда:
- 35 916 шаршы метрлік сауда орталығы;
- 48 дүкен;
- супермаркет;
- 18 сауда павильоны;
- 23 мейрамхана;
- 11 кафе;
- 4 кинотеатр залы;
- балалар ойын алаңы;
- спорт залы;
- жалпы аумағы 5 087 шаршы метр болатын террасалар қарастырылған.
Билік стадион өзін-өзі ақтайды деп есептейді
Аскат Алагөзовтың айтуынша, коммерциялық мүмкіндіктердің арқасында «Бішкек-Арена» салынған қаржыны салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ақтап, кейін тұрақты табыс әкелетін нысанға айналуы тиіс.
Ол қазірдің өзінде аренада ақылы іс-шаралар мен концерттер өткізуге өтінімдер түсіп жатқанын айтты.
Әлемдегі ұқсас стадиондар қаншаға салынған?
Қырғызстан билігі «Бішкек-Арена» құнын басқа елдердегі ірі стадиондармен салыстырды. Мысалы:
- АҚШ-тағы Allegiant Stadium – 1,9 млрд доллар;
- Англиядағы Tottenham Hotspur Stadium – 1,33 млрд доллар;
- Сингапур ұлттық стадионы – 1,31 млрд доллар;
- Ресейдегі «Крестовский» стадионы – шамамен 1,1 млрд доллар;
- Қытайдағы Chengdu Fenghuangshan стадионы – шамамен 1 млрд доллар;
- Англиядағы Wembley стадионы – шамамен 1,5 млрд доллар;
- Австралиядағы Optus Stadium – шамамен 1,2 млрд доллар;
- Индонезиядағы Jakarta International Stadium – шамамен 600 млн доллар;
- Қытайдағы Qingdao Youth Football Stadium – шамамен 594 млн доллар;
- Сенегалдағы Stade du Sénégal – шамамен 420 млн доллар.
Құрылысқа аудит жүргізіледі
Сонымен қатар Алагөзов президент Садыр Жапаровтың тапсырмасымен Есеп палатасы мен өзге де мемлекеттік органдар өкілдері қатысатын арнайы комиссия құрылғанын еске салды.
Комиссия құрылыс материалдарының толық пайдаланылғанын, жұмысшылардың жалақысы толық төленгенін және қаржының мақсатсыз жұмсалмағанын тексереді.
«Тексеру нәтижелері халыққа ашық жарияланады», – деді Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ ол соңғы күндері стадион құны төңірегіндегі пікірталастардың көрші мемлекеттер басшыларының беделіне күмән келтіретін сипат ала бастағанын айтып, бұл мәселені саясаттандырмауға және өңірдегі қарым-қатынастарды ушықтырмауға шақырды.


