Алматы облысының Райымбек ауданында шаруалар бірнеше жыл бойы игеріп, миллиардтан астам теңге инвестиция салған жерге қатысты дау туындады. «Алтын дән» кооперативі 10 жылға сенімгерлік басқаруға алған алқапқа биыл картоп егіп, өнімді жинауға кіріскен. Алайда жер иесі келісімшартты бұзуды талап етіп, сотқа жүгінген, деп хабарлайды Qaznews.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Кооператив төрағасының айтуынша, таласқа түскен жер 20 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмаған. 2022 жылы шаруалар жер иесімен 10 жылға келісімшарт жасап, аумақты игеруге кіріскен.
«Біз 2022 жылы кооператив құрамыз. Сол кезде облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың қолдауымен осы мәселені көтеріп, кооперативті құрдық. Кейін «СПК» арқылы 300 миллион теңгеге техника алдық. Жерді де ретке келтірдік. Бұл жердің иесі Құралай Байтүгелова деген кісі. Ол Алматыда тұрады. Біз онымен келісіп, жерді 10 жылға сенімгерлік басқаруға заңды түрде алдық. Құжаттың бәрін тіркеттік. Егер құжат заңды болмаса, мемлекеттік бағдарлама, субсидия, несие де берілмес еді», – деді «Алтын дән» кооперативінің төрағасы Дулат Құлмамыров.
Оның сөзінше, шаруалар алқапқа қажетті инфрақұрылымды нөлден бастап жасаған. Атап айтқанда, 780 миллион теңгеге жаңбырлатып суару жүйесі орнатылып, 500 гектар алқапқа 10 суғару қондырғысы қойылған. Электр желісі тартылып, су құбыры жүргізілген. Сонымен қатар 35 мың текше метрлік су қоймасы салынып, үш ұңғыма қазылған.
«Бәрі дайын болған кезде, көктемде жер иесінің інісі келіп, “жерді босатыңдар, ары қарай өзім пайдаланамын” деді. Осыдан кейін дау басталды. Қазір бұл жерге миллиардтан аса теңге салынды. Біз несие алдық, техника алдық. Бұл бір-екі шаруаның арасындағы мәселе емес», – деді кооператив басшысы.
Биыл кооператив әлемге белгілі PepsiCo компаниясымен келісімшарт жасаған. Оның аясында 220 гектар аумаққа картоп егілген. Шаруалар қазір өнімді жинауға кіріскен.
«Президент Америкаға барғаннан кейін PepsiCo компаниясын Алматы облысына алып келді. Біздің Нарынқолдың картобы оларға өте қолайлы. Біз олармен келісімшарт жасап, үш облыстың ішіндегі №1 жеткізуші болуға мүмкіндік алдық. 220 гектарға олардың картобын егіп, қазір жинауды бастап жатырмыз. Нарынқол – PepsiCo-мен жұмыс істеуге өте қолайлы аймақ», – деді Дулат Құлмамыров.
Кооперативте бүгінде 20 адам тұрақты жұмыс істейді. Маусым кезінде жұмысшылар саны 40-50 адамға дейін көбейеді. Келесі жылы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған.
Алайда тараптар арасындағы негізгі дау жерді әрі қарай пайдалану мәселесіне келіп тірелген. Кооператив төрағасының айтуынша, жер иесі соңғы бірнеше айда келісімшартты бұзу туралы сотқа бірнеше рет жүгінген.
«Жердің қожайыны жарты жылдан бері “жерді қайтарып бересіңдер” деп сотқа қайта-қайта арыз түсіріп жатыр. Дайын бизнеске рейдерлік шабуылдың көрінісі бар сияқты. Өйткені ешқандай келіссөзге келіп жатқан жоқ, тек сотқа жүгінеді», – деді ол.
Сот шешімдеріндегі қайшылық
Дулат Құлмамыровтың айтуынша, сот процесінде де түсініксіз жағдайлар болған. Оның сөзінше, көктемде Райымбек аудандық соты келісімшартты бұзуға негіз жоқ деген шешім шығарған. Кейін жер иесі бұл шешімге облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген. Алайда апелляциялық шағым қараусыз қалған.
Осыдан кейін іс қайта аудандық сотта қаралып, бұл жолы сот бұған дейінгі өз шешіміне қарама-қайшы қорытынды жасаған.
«Көктемде аудандық сотқа алғаш арыз берген кезде біз соттың шешімі біздің пайдамызға шығып, сенімгерлік басқару келісімшарты бұзылмайды деген шешім қабылдайтынына сендік. Кейін Байтүгелова облысқа апелляция берді. Апелляция оның арызын қараусыз қалдырды. Содан кейін қайтадан аудандық сотқа шағым түсіріліп, іс қайта қаралды. Ең түсініксізі – көктемде сол аудандық сот келісімшартты бұзуға болмайды деген шешім шығарған еді. Ал кейін дәл сол сот өзінің алғашқы шешіміне мүлдем қарама-қайшы келіп, келісімшартты бұзу туралы талапты қанағаттандырды. Бір соттың бір мәселеге қатысты екі түрлі шешім шығаруын біз түсіне алмай отырмыз», – деді кооператив төрағасы.
Кооператив басшысы соттан істің мән-жайын жергілікті жерде тексеруді де сұрағанын айтты. Оның сөзінше, шаруалар сот отырысын нысанға көшіріп, 500 гектар алқаптағы инфрақұрылымды, суару жүйесін және жасалған жұмыстарды өз көзімен көруді өтінген. Алайда мұндай көшпелі процесс болмаған.
«Біз аудандық соттан көктемде “выездной процесс жасаңыз, объектінің басына келіңіз” деп сұрағанбыз. Бірақ сот нысанға келген жоқ. Жердің басына барып, нақты қандай жұмыс жасалғанын көрген жоқ. Бұл жерде шамамен 400 миллион теңгенің инвестициясы, жерге салынған инфрақұрылым туралы сөз болып отыр. Мұның бәрін қағаз жүзінде ғана бағалау қиын. Сондықтан соттың бірде бізге, бірде екінші тарапқа қатысты шешім шығаруы бізге түсініксіз. Өзінің алдыңғы шешіміне өзі қарама-қайшы шешімнің қалай шыққанын түсінгіміз келеді», – деді Дулат Құлмамыров.
Осылайша, даудың бір жағында – жердің заңды иесі ретінде өз талабын қорғап отырған тарап, екінші жағында – келісімшарт негізінде бірнеше жыл бойы жерді игеріп, оған қомақты қаржы мен инфрақұрылым салған кооператив тұр.
Кооператив үшін мәселе тек жерді пайдалану құқығында емес. Өйткені алқапқа салынған инвестиция, орнатылған суару жүйесі, биылғы картоп өнімі және PepsiCo компаниясымен жасалған келісімшарттың тағдыры да осы дауға байланысты.
Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Кооператив өкілдері сот актісіне шағым түсіруге дайындалып жатыр. Ал тараптардың әрқайсысының уәжі мен сот шешімдерінің заңдылығы жоғары тұрған сот инстанцияларында бағалануға тиіс.


