Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың II тоқсаны бойынша елдегі орташа және медианалық жалақы мөлшеріне қатысты деректерді жариялады, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Статистикаға сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектілерін есепке алмағанда, Қазақстандағы орташа айлық атаулы жалақы 486 388 теңге. Бұл көрсеткіш алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 5,4 пайызға өскен.
Өңірлер бойынша орташа жалақы
Ең жоғары орташа жалақы Маңғыстау облысында тіркелді. Мұнда қызметкерлер айына орта есеппен 673 656 теңге алады.
Жалақы деңгейі жоғары өңірлердің қатарында:
- Астана – 647 920 теңге;
- Атырау облысы – 631 555 теңге;
- Алматы қаласы – 610 371 теңге.
Ал республикалық маңызы бар үшінші қала – Шымкентте орташа жалақы көлемі 377 710 теңгені құрады.
Ең төменгі көрсеткіш қай өңірлерде?
Орташа жалақы мөлшері ең төмен өңірлер қатарында:
- Солтүстік Қазақстан облысы – 363 123 теңге;
- Түркістан облысы – 370 964 теңге;
- Жамбыл облысы – 375 456 теңге;
- Жетісу облысы – 377 798 теңге.
Медианалық жалақы қанша болды?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың II тоқсанында Қазақстандағы медианалық жалақы 348 415 теңгені құрады.
Медианалық жалақы – елдегі қызметкерлердің тең жартысы осы сомадан жоғары, ал қалған жартысы төмен табыс алатын жалақы деңгейін көрсететін көрсеткіш. Ол азаматтардың нақты табысын бағалауда орташа жалақыға қарағанда дәлірек индикатор саналады.


