Сәрсенбі, 2 сентября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпҚайрат Сатыбалдының бұрынғы қонақүйі бұзыла ма? Әкімдік мәлімдеме жасады

Қайрат Сатыбалдының бұрынғы қонақүйі бұзыла ма? Әкімдік мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желілерде Алматыдағы Есентай өзенінің жағасында орналасқан, бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй ғимаратының сүрілетіні туралы ақпарат қызу талқылануда, деп хабарлайды Qaznews.kz.

Желі қолданушылары жариялаған видеоларда нысан аумағында құрылыс жұмыстары жүріп жатқаны байқалады. Соған байланысты кейбір тұрғындар ғимараттың бұзылатынын айтып, алаңдаушылық білдірген.

Алайда Алматы әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Қала билігінің мәліметінше, бұрынғы қонақүйді сүріп жатқан жоқ, керісінше нысанды қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, ғимарат біраз уақыт бойы қараусыз қалып, техникалық жағдайы нашарлаған. Қазір мұнда қасбетті жөндеу, терезелерді қалпына келтіру, ішкі кеңістіктерді жаңарту және аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Жоба аяқталған соң нысан қайта пайдалануға беріледі.

Жөндеу жұмыстарын «LeanQor» ЖШС қаржыландырып отыр. Ал «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ғимаратты жоба аясында пайдалану үшін ұсынып, оны қайта іске қосуға қолдау көрсетуде. Барлық шығындар инвестордың жеке қаражаты есебінен өтеледі.

Әкімдік мәліметіне сүйенсек, ғимараттың болашақтағы жаңа бағыты да айқындалған. Нысан Алматыдағы IT және жасанды интеллект бағытындағы ірі орталықтардың біріне айналмақ.

Бұл бастама Мемлекет басшысының IT-инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда.

Қала әкімдігі бос тұрған ғимаратты бұзғаннан гөрі, оны заманауи технологиялық кеңістік ретінде қайта пайдалануды тиімді шешім деп есептейді.

«Қалада осындай деңгейдегі заманауи нысандарға сұраныс жоғары. Сондықтан бұрын жеке меншікте болған және ұзақ уақыт пайдаланылмаған ғимаратты сүрмей, жаңа мақсатқа бейімдеу туралы шешім қабылданды», – деп түсіндірді әкімдік.

Жоба толық аяқталғаннан кейін ғимарат пен оған тиесілі жер телімі Алматы қаласының Цифрландыру басқармасының қарамағына беріледі. Болашақта мұнда цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып, IT, AI, креативті индустриялар және басқа да технологиялық бағыттарда жұмыс істейтін компаниялар мен стартаптар орналасады.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр