Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытай шекарасындағы жойқын су тасқынынан кейін қазақстандықтар арасында қаза тапқандар, зардап шеккендер немесе із-түзсіз жоғалғандар тіркелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, жағдай тұрақты бақылауда және жауапты органдар оқиғаның өрбуін жіті қадағалап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Непалдың туризм басқармасы табиғи апаттан кейін із-түзсіз жоғалған шетел азаматтарының қатарында бірнеше елдің азаматтары бар екенін хабарлаған болатын. Алдын ала ақпаратта Қазақстан азаматтарының да аталған тізімде болуы мүмкін екені айтылған.
Алайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазіргі уақытта қазақстандықтардың қаза тапқаны, зардап шеккені немесе жоғалғаны туралы ақпарат расталмағанын жеткізді.
Непал мен Қытай шекарасында болған су тасқыны жолдар мен инфрақұрылымға елеулі зиян келтіріп, ондаған адамның тағдырына алаңдаушылық туғызған еді. Құтқару және іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.


