Алматыда өткен Канье Уэсттің концерті кезінде пайдаланылған алып жарық сферасы 14 тамыздағы жаппай электр қуатының өшуіне себеп болған жоқ. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Министрдің сөзінше, концерттегі жарық инсталляциясы небәрі 5–10 мегаватт электр энергиясын тұтынған. Ал апат кезінде жүйеден шамамен 600 мегаватт қуат ажыратылған. Сондықтан мұндай жабдықтың энергетикалық жүйеге айтарлықтай әсер етуі мүмкін емес.
Сондай-ақ ведомство басшысы электр желілеріндегі ақауға сырттан әдейі жасалған ықпал болуы мүмкін деген болжамды да теріске шығарды.
Қазір оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін арнайы құрылған екі комиссия тексеру жүргізіп жатыр.
Еске салайық, 14 тамызда Алматының бірнеше ауданында және Алматы облысының бірқатар елді мекенінде электр энергиясы өшіп, тұрғындар бірнеше сағат бойы жарықсыз қалған болатын.


