Бүгінде иммунитетті күшейтіп, ағзаның түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін арттыратын дәрумендерге сұраныс жоғары. Баладан бастап қарттарға дейін денсаулыққа пайдалы өнімдерді тұтынуға мән беріп отырған шақта бұл нарық қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Сарапшылардың бағалауынша, әлемдік дәрумендер нарығының көлемі биыл 210-228 млрд долларға жеткен. Жыл сайын 7-9 пайызға өсіп келе жатқан осы сегментте омарта шаруашылығы өнімдерінің үлесі небәрі 4-6 пайызды немесе шамамен 11,4 млрд долларды құрайды.
Қазақстанда да дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспаларға сұраныс артып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы дәрумендер мен олардың туындыларын өткізу көлемі 381,1 тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 2,3 есеге өскен. Қазір еліміздегі дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспалар нарығының көлемі 80 млрд теңгеден немесе 195 млн АҚШ долларынан асады.
Мамандардың айтуынша, бұл бағытта омарта шаруашылығы өнімдерін өңдеудің әлеуеті зор. Қазақстанда жыл сайын 10-12 мың тонна бал өндірілсе, соның 1 пайызға жетер-жетпес бөлігі ғана өнеркәсіптік деңгейде сусындар мен дәрумендер өндіруге пайдаланылады.
Осы орайда Жетісу облысының Текелі қаласында жұмысын бастаған «Kausar Shifa Kz» кәсіпорнының тәжірибесі назар аудартады. Бұған дейін омарта шаруашылығы жақсы дамығанымен, өңір бал өнімдерін терең өңдеу саласында ерекше көзге түсе қоймаған еді.
«Kausar Shifa Kz» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Сұңғат Қайролланың айтуынша, кәсіпорын 2025 жылы құрылған.
«Біздің басты мақсатымыз – табиғи өнімдерді біріктіре отырып, денсаулыққа пайдалы әрі сапалы өнім шығару. Халықтың иммунитетін нығайтып, жалпы денсаулық жағдайын жақсартуға үлес қосқымыз келеді. Бұл ұстаным компания атауынан да көрінеді. Қазір өндіріс орнында 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта омарта ұяларының санын көбейтіп, медициналық туризм бағытын да дамытуды жоспарлап отырмыз», – дейді кәсіпкер.
Оның сөзінше, өндіріс орны бір маусымда бірнеше тоннаға дейін омарта өнімдерін өңдеп, жоғары қосылған құны бар түрлі тауар шығара алады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты сағатына шыны құтыға құйылған 1,5 мың дана дәрумен өндіруге жетеді.
Дегенмен өндірістің толық қуатта жұмыс істеуіне шикізат тапшылығы кедергі келтіріп отыр. Соңғы жылдары елімізде омарта шаруашылығы қарқынды дамығанымен, компания өнім сапасына ерекше мән береді. Сондықтан кәсіпорын өндіріс процесі толық бақыланатын және сапасы расталған шикізатпен ғана жұмыс істеуді жөн көреді.
Мамандардың пікірінше, табиғи өнімдерге қызығушылықтың артуы мен дәрумендер нарығының өсуі бал негізіндегі өнім өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.


