Қарағанды облысының бірнеше ауданында болған табиғи өрттер толық сөндірілді, ал бір аумақтағы тілсіз жау оқшауланды, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Ведомство мәліметінше, Бұқар жырау ауданындағы Суықсу ауылында, Шет ауданындағы Ақбауыр ауылында, сондай-ақ Қарқаралы ауданындағы Бесоба және Жаңатоған ауылдарында шыққан өрттер толықтай жойылған.
Ал Қарқаралы ауданындағы Ынталы ауылында өрттің таралуына тосқауыл қойылып, ол оқшауланған.
Қазіргі уақытта Ақтоғай ауданындағы Ақши ауылы маңында және Қызылтау тауларының жетуі қиын таулы аймақтарында өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
ТЖМ өкілдерінің айтуынша, күрделі жер бедері мен екпінді жел өртті ауыздықтау жұмыстарын қиындатып, жалынның таралуына әсер етуде.
Өрт жағдайын бақылау үшін әуеден барлау жүргізіліп, қолжетімсіз аумақтарға қосымша күштер мен техникалар жіберілген.
Министрлік елді мекендерге, қыстақтарға және егістік алқаптарына қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді.
«Жекелеген аумақтарда өрт ошақтарын толық сөндіру үшін су себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалынның қайта таралуына жол бермеу және қалған ошақтарды жою бойынша шаралар қабылдануда», – деп хабарлады ведомство.
Өртпен күрес жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың шамамен 200 қызметкері және 60 техникасы жұмылдырылған. Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында, барлық жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде.


