Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының құрылғанына 36 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерейтойлық шараға өңірлік қолбасшылықтың әскери қызметшілері, ардагерлер мен шақырылған қонақтар қатысты. Іс-шара барысында әскери ұжымның қызметтік жетістіктері атап өтіліп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесі жоғары бағаланды.
Салтанатты жиында «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Мұхамедов Нұрлан Санжарұлы құттықтау сөз сөйлеп, жеке құрамды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде өңірлік қолбасшылықтың қалыптасу және даму жолына тоқталып, әскери қызметшілердің ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапты міндеттерін ерекше атап өтті.
Мерейтой аясында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған бірқатар әскери қызметшілер ведомстволық наградалармен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Шараның мерекелік бөлімі концерттік бағдарламамен жалғасты. Әскери қызметшілер мен өнерпаздар патриоттық әндер орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Орталық» өңірлік қолбасшылығы бүгінгі таңда еліміздің орталық өңірлеріндегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарып келеді. 36 жылдық тарихында қалыптасқан жауынгерлік дәстүрлер мен кәсіби тәжірибе әскери қызметшілердің Отан алдындағы адал қызметінің жарқын көрінісі болып табылады.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі


