Жұма, 22 мая, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпАқтауда депутат пластикалық операциядан кейін көз жұмды

Ақтауда депутат пластикалық операциядан кейін көз жұмды

Ақтауда 49 жастағы Ербол Айтуов пластикалық операциядан кейін қайтыс болды. Ол иек тұсына липосакция жасату үшін «Қасиет» клиникасына жүгінген, деп хабарлайды Dalanews.kz сайтына сілтеме жасаған QazNews.kz.

Марқұмның жұбайының айтуынша, 4 сәуір күні наркоз салу кезінде науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Оның сөзінше, интубация дұрыс жасалмағандықтан, ер адамның қан қысымы мен қандағы қант деңгейі көтеріліп кеткен. Соның салдарынан ишемиялық инсульт алып, комаға түскен. Бір айдан кейін көз жұмған.

Туыстары медициналық мекеме көмекті дер кезінде көрсетпеді және науқастың шынайы жағдайын жасырды деп мәлімдеп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің жоспардан тыс тексерісі кезінде клиникадан бірқатар заңбұзушылық анықталған.

Тексеру қорытындысына сәйкес, операция блогы толық жабдықталмаған. Кей құрылғылардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен, ал анафилактикалық шок кезінде қолданылатын дәрілер мүлде болмаған.

Сонымен қатар клиниканың ересектерге арналған анестезиология және реанимация қызметін көрсетуге лицензиясы болмағаны белгілі болды.

Тексеру барысында науқастың операцияға қарсы көрсетілімдері бола тұра және қажетті анализдер толық тапсырылмай жатып отаға жіберілгені анықталған.

Іс материалдары прокуратураға жолданды.

Ербол Айтуов Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болған. Сондай-ақ 2023 жылдан бері Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының өңдеу өнеркәсібі және базалық салалар комитетін басқарған.

 

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр