Сәтбаев университеті қабырғасында China Future Air (Tonghang Future) компаниясының өкілдерімен мазмұнды кездесу өтті. Бұл жүздесу жай ғана ресми басқосу емес, ғылым мен өндірісті ұштастырып, жас ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер ашуды көздеген маңызды қадам болды, деп жазады QazNews.kz
China Future Air (Tonghang Future) Қытайдың Хэбэй провинциясы, Таншань қаласындағы Лутай экономикалық даму аймағында құрылған ірі білім беру-өндірістік кешен. Компания ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндірумен қатар, зияткерлік авиациялық жүйелер саласында тәжірибелік оқыту, қолданбалы зерттеу және мамандарды жұмыспен қамтуды бір арнаға тоғыстырған бірегей платформа қалыптастырған. Сонымен бірге жаңа энергетика мен интеллектуалды көлік жүйелері бағытында да озық жобаларды жүзеге асырып келеді.
Кездесу барысында тараптар ұзақ мерзімді әрі нәтижелі әріптестік орнатуға ортақ ниет білдірді. Әсіресе, ұшқышсыз ұшу аппараттарын бірлесіп өндіру және осы салаға қажет білікті мамандар даярлау мәселесіне айрықша мән берілді. Бұл отандық инженерлік мектептің әлеуетін арттырып, жас қазақстандықтардың заманауи технологияларды игеруіне жол ашатын игі бастама.
Алдағы уақытта Астана қаласында университет кафедраларының жаңа филиалы базасында болашақ авиақұрастырушыларға арналған хакатон өткізу жоспарланып отыр. Бұл шара жас талаптардың тың идеяларын ұштап, нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталмақ. Сонымен қатар жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу және оларды индустриялық жобалармен сабақтастыру мәселесі де кеңінен талқыланды.
Қол жеткізілген уағдаластықтар халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп қана қоймай, білім, ғылым және өндірісті өзара кіріктіре отырып, авиациялық инновацияларды дамытуға берік негіз қалайды. Бұл бастама ел жастарының білімді, білікті, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына серпін беретін жарқын қадам.


