Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026
spot_img
Басты бетБілім және ҒылымЖаңа агротехнопарк жас ғалымдар мен стартаптарға мүмкіндік ашады

Жаңа агротехнопарк жас ғалымдар мен стартаптарға мүмкіндік ашады

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өткен селекция және тұқым шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес аясында еліміздегі бірінші агротехнопарк таныстырылды,  деп жазады QazNews.kz

Агротехнопарк құру университеттің аграрлық ғылымды дамыту, практикалық бағыттағы білім беруді жетілдіру және экономиканың нақты секторымен біріктіру саласындағы жүйелі жұмысының заңды жалғасы деуге болады.

Агротехнопарктің басты мақсаты — бизнес-инкубация, инновациялық компанияларды қолдау және АӨК саласындағы жоғары технологиялық жобаларды дамыту үшін заманауи орта құру. Орталық агротехнологияларды сынақтан өткізуге және көрсетуге, жобаларды ғылыми-зерттеу кезеңінен нарыққа дейін сүйемелдеуге, бизнес үшін технологиялық тәуекелдерді азайтуға және инновацияларды лабораториядан өндіріске тезірек жеткізуге арналған. Тағы бір маңызды бағыт — халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту.

Айдарбек Сапаров орталықтың инфрақұрылымы, лабораториялық базасы және өндірістік-инженерлік мүмкіндіктерімен танысты. Агротехнопарктің жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метрді құрайды. Оның құрылымында тәжірибелік және пилоттық жұмыстарға арналған металл өңдеу цехы бар өндірістік-инженерлік блок, резиденттерге арналған кеңсе кеңістігі, сондай-ақ толық циклді лабораториялық кешен қарастырылған.

Сондай-ақ, құрамына ауыл шаруашылығы дақылдарын молекулалық-генетикалық зерттеу, агробиотехнология және микробиология зертханалары, физика-химиялық талдау, сынама дайындау және аналитикалық зерттеуге арналған Қазақстан–Австралия инновациялық орталығы кіреді.

Айдарбек Сапаров агротехнопарк — аграрлық ғылымды жаңғырту және ғылыми зерттеулерді тиімді нарыққа шығару жүйесін құрудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда ғылыми шешімдердің лаборатория қабырғасында қалмай, ауыл шаруашылығы өндірушісіне жетуі және нақты экономикалық нәтиже беруі өте маңызды. Агротехнопарк ғалымдар мен агробизнес өкілдерін байланыстыратын көпір болуға тиіс», — деді министр.

Университет ректоры Қанат Тіреуов өз сөзінде агротехнопарк АӨК саласында технологиялық кәсіпкерліктің жаңа мәдениетін қалыптастыру, жаңа буын мамандарын дайындау және ғылыми зерттеулерге инвестиция тарту үшін жағдай жасайтынын атап өтті.

«Орталық жас ғалымдар, стартап-командалар және бәсекеге қабілетті отандық технологияларды жасау мен енгізуге қызығушылық танытқан индустриалды серіктестер үшін ынтымақтастың алаңына айналады», — деді ректор.

Агротехнопарктің қызметі ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары мен будандарын, заманауи биопрепараттар мен инженерлік шешімдерді нарыққа жылдам шығару, агроөндірістің өнімділігі мен тұрақтылығын арттыру, сондай-ақ отандық АӨК экспорттық әлеуетін нығайту үшін маңызды рөл атқармақ.

Сондай-ақ университет базасында «Аграрлық ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуының кепілі» атты республикалық семинар-кеңес өтті.

Іс-шараға «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» акционерлік қоғамы, оның еншілес ұйымдары, ғылыми қауымдастық өкілдері және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тетік екенін атап өтті.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр