Сәрсенбі, 18 Ақпан, 2026
spot_img
Басты бетЖаңалықтарТоғызқұмалақ спортының болашағы мен цифрландыру мәселесі қаралды

Тоғызқұмалақ спортының болашағы мен цифрландыру мәселесі қаралды

2026 жылғы 14 ақпанда тоғызқұмалақтан дүниежүзілік, республикалық және облыстық федерациялар басшыларының қатысуымен маңызды жұмыс кездесуі өтті. Іс-шара аясында Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменовтің қатысуымен ресми тоғызқұмалақ федерацияларының кеңейтілген жиналысы ұйымдастырылды,  деп жазады QazNews.kz

Кездесу барысында Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұн тоғызқұмалақ спортын халықаралық деңгейде дамыту және ілгерілету, зияткерлік спорттың болашағы мен даму перспективалары, цифрландыру үдерістерін енгізу, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша есептік баяндама жасады. Қатысушылар тиісті сұрақтарын қойды.

Тараптар ұлттық мұраны жаһандық кеңістікте кеңінен насихаттау, шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты күшейту, халықаралық турнирлердің географиясын кеңейту, төрешілер мен спортшылардың кәсіби біліктілігін арттыру бағыттарына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы оқу-жаттығу үдерісін жетілдіру, онлайн платформалар арқылы ойынның қолжетімділігін арттыру және деректерге негізделген талдау жүйесін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенттері Мақсат Раманқұлов пен Мұқтар Манкеев аталған бастамаларды толық қолдайтындықтарын білдіріп, оларды жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы хатшысы Мақсат Шотай және Шолпан Маратқызы ұлттық спорт — тоғызқұмалақты одан әрі дамытуға қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсұнға министрлік өкілінің атынан құрмет грамотасы табысталды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы кезеңде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдіріп, тоғызқұмалақ спортын жүйелі түрде дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр