Депутат Асхат Аймағамбетов мұғалімдер үшін жақсы жаңалықты жеткізді, деп жазады QazNews.kz
Бұл туралы депутат Threads желісіндегі парақшасында жазды.
«Педагогтерді рилс түсіруге мәжбүрлеуден, түнде және жұмыс уақытынан тыс уақытта WhatsApp-та жауап беруге міндеттеуден, есепті электрон және қағаз жүзінде қайталап тапсырудан қорғау үшін арнайы заң жобасын әзірледік. Енді заң жобасын жұмысқа қабылдаймыз. Келесі аптадан бастап жұмыс тобында талқылауды бастаймыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Ұстаздар артық міндетпен емес, сапалы білім мен саналы тәрбиемен айналысуға тиіс», — деді ол.
Асхат Аймағамбетовтің бұл жазбасына желі қолданушыларының бірі өз пікірін білдірген.
«Аймағамбетов мырза, мектепте жұмыс істеймін, былтыр мектепке комиссия келіп сабаққа қатысып, лессонпланды қағаз түрінде беруін өтінді. Мен шығарып үлгермедім, «кабинетімде тұр, көрсетейін жүріңіз, электрон нұсқасы бар» дегенде қабылдамады. Кейін мектеп менен «лессонпланың болмады» деп түсініктеме алып, тәртіптік кеңеске салып, қатаң сөгіс берді. Артынан «жұмыстан шығамын» деп арыз жаз деді», — деді мұғалімдердің бірі.
Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірлердің Білім басқармаларына шүйлікті.


