Кеше Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, сценарист, кинодраматург әрі жазушы Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Қазақстан Жазушылар одағында жазушының соңғы хаты оқылды, деп жазады QazNews.kz
Бірнеше кітаптың авторы Нұрлан Сегізбаев өмірінің соңғы айында ғана Жазушылар одағына қосылды. Шығармашылыққа адал, ұстанымына берік болған Нұрлан Сегізбаев дабыраға көп жоламай, өз бетінше әдеби және ғылыми кітаптар жазған. Онымен былтыр жолыққан Жазушылар одағының басшысы Мереке Құлкенов былай деп сөз сөйледі:
«Былтыр Қапшағай қаласында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойында Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевпен алғаш рет жүздескен едім. Сол сәттен бастап-ақ кинодағы Нұрлан мен өмірдегі Нұрланның мүлде бөлек болмыс екенін аңғардым. Экрандағы албырт, тентек бала бейнесінен өзгеше – өмірде ол өте қарапайым, ұяң, артық сөзге жоқ, жүрегі таза, ғажап бір қазақтың баласы екен», — деді Мереке Құлкенов.
Мереке Құлкенов оның шығармашылығы жайлы жұрттың білмейтінін де айта кетті. Жазушылар одағына оның жұбайы Мадина келіп жазушының одаққа қосылу жайлы өтінішін жеткізген.
«Осыдан бір ай бұрын маған Нұрлан Санжарұлының жары Мадина келді. Ол кісінің өтініші – Нұрланның Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылдануы еді. Ол өтініші орындалды. Нұрлан Сегізбаевтың бірнеше кітаптың авторы екенін, қаламы жүйрік сценарист болғанын көпшілік біле бермейді. Бір-екі шығармасымен өзім де таныспын. Ол – көзге көп түсе бермей, өз әлемінде еңбек еткен, даңқ қуып, дабыра жасамаған, нағыз шығармашылық адамы болатын. Қазақ халқының санасында ол ең алдымен «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожа болып қалды. Бірақ бұл – оның бір ғана қыры. Нұрлан Санжарұлы қазақ руханиятына адал қызмет еткен, үнсіз еңбегімен өшпес із қалдыра білді», — деді Мереке Құлкенов.
Нұрлан Сегізбаев соңғы хатында былай деп жазған:
«2026 жылғы 28 қаңтарда жасым 75-ке толады. Соның 65 жылын қазақ кинематографиясы, әдебиеті мен философия ғылымындағы шығармашылық қызметке арнадым. Осы жылдар ішінде қыруар еңбек атқарылып, ғылыми зерттеулер жарияланды, көркем және құжаттық фильмдер түсірілді».
Айта кетейік, өмірінің соңғы жылында Нұрлан Сегізбаев өкпе ауруына шалдығып, аурудан қиналды. Дегенмен халықтан ақша жинаудан үзілді-кесілді бас тартты. Шәкірттері елге жеткізіп, жылу жинауға тырысты. Қанша аурудан азап шексе де ол өмірінің соңына дейін өзінің жазған кітаптарын жариялау үшін Кітап палатасына хат жолдап, жауаптарын күтті. Бойынан әлі кеткенше сценарий жазды. «Аяқталмады» деп алаңдап жүрген еңбегін жазып бітірді. Ол жайлы өз хатында былай деп жазды:
«Қазіргі таңда тіршіліктің түрлі келеңсіздіктері мен денсаулыққа байланысты қиындықтарға қарамастан, өмірдің сынағына төтеп беріп, шығармашылық жұмыстан қол үзген жоқпын. Соңғы жылдардағы ең маңызды әдеби еңбегім – «Философский пароход» атты тарихи романым да аяқталуға жақын. Уақыт пен саясатты қалқан етпей, жазушы ретінде сол дәуірді шынайы жырлағаныма өзімді бақытты санаймын. Осы еңбектерімді өскелең ұрпақ елеп, бағалайды деп сенемін».
Ол Жазушылар одағының басшысы Мереке Құлкеновтен осы еңбегін әдеби сыншыларға, тарихшыларға ұсынуын сұрады. Бұдан бөлек, жазушының Алтын Орданың 800 жылдығына орай жазылып, жарық көрген «Нежданный гость – Джучи» және «Бату-хан» романдарынан тұратын дилогиясы бар.
Сонымен қатар Нұрлан Сегізбаев өз хатында «Қызыл қар» кітабы жайлы айтады. Айта кету керек, бұл кітаптың ішіне қазақ халқы үшін көркемдік және тарихи маңызы жоғары 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жайлы «Аллажар», 1932 жылғы ашаршылық жайлы «Өліара» повестері енген.
Жазушылар одағының басшысы Мереке Құлкенов марқұмның аманаттап кеткен осы туындылары жайлы өтініштерін орындайтынын жеткізді.
Осы хаттан соң бір-ақ күнде марқұм Нұрлан Сегізбаев ҚР Жазушылар одағының мүшесі атаныпты.
Бұл жайлы шәкірттеріне жазған жеке хаттарында жазушы:
«Жастық шақта қосылу керек еді. Қазір денсаулық керек. Біздің өмір қайғылы, достым», — деп жазған.
