Freedom Holding компаниясының басшысы Тимур Турлов “Транстелекомның” ірі акциялар пакетін сатып алу үшін негізгі шарттар бойынша акционерлермен келісімге келген, деп жазады QazNews.kz
Тараптар енді мәмілені аяқтау үшін мемлекеттік реттеушілерден ресми рұқсат алуды күтіп отыр.
11 желтоқсанда “Транстелеком” АҚ акционерлері директорлар кеңесінің жаңартылған құрамын бекітті. Өзгерістер Турлов құрылымдарының компанияны сатып алу процесінің басталуына байланысты жасалғаны хабарланды. Компанияның болашақ даму стратегиясы әлі қаралып жатқандықтан, басқару командасы мен операциялық модельге алғашқы кезеңде өзгеріс енгізілмейді.
Акционерлердің шешімімен директорлар кеңесінен Unit Telecom өкілдері Дмитрий Покупателев пен Андрей Марченко шығарылды. Олардың орнына Kcell-дің бұрынғы басшысы Кукелис Каспарс және Тимур Искаков кірді.
Директорлар кеңесінің жаңа құрамына сонымен бірге кеңес төрағасы Нұрлан Арынғазиев, тәуелсіз директор Берік Өтемұрат, тәуелсіз директор Ғалымжан Ибраимов және компания басқармасының төрағасы Сүйеніш Абдильдин енді.
Айта кетейік, “Транстелекомның” бұрынғы иелерінің қатарында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұралы Әлиев болғаны белгілі.
