Әлеуметтік желілердегі, әсіресе, Threads-тегі «жар іздеймін», «танысқым келеді» деген жазбаларға байланысты министрлік ескерту жасады, деп жазады QazNews.kz
Ведомство мәліметінше, мұндай жазбалардың артында қарапайым желі қолданушыларынан бөлек алаяқтар да болуы мүмкін.
«Алаяқтар көбіне өздерін тартымды жігіт немесе қыз ретінде таныстырып, хат алмасып, адамға ерекше көңіл бөліп, қысқа уақыт ішінде сенімге кіреді. Уақыт өте келе әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласуы мүмкін. Алаяқтық схема әдетте былай өрбиді: белсенді қарым-қатынас орнату және эмоциялық тәуелділік қалыптастыру; өмірдегі қиын жағдайлар, ауру, шұғыл шығындар немесе тиімді инвестициялар туралы әңгімелер; ақша аударуды, оның ішінде қаражатты шетелдік криптоәмияндарға аударуды немесе үшінші тұлғалар арқылы жіберуді сұрау; қаражат алынғаннан кейін байланыс үзіліп, жәбірленушіні бұғаттау», — деді ІІМ өкілі.
Министрлік экранның арғы жағындағы адам сізден ақша аударуды сұраса, бейнебайланыстан және жеке кездесуден қашса, интернеттегі суреттерді пайдаланса, сақ болған жөн екенін мәлімдеді.
«Алаяқтардың арбауына түсіп қалмас үшін: интернет арқылы танысқан адамдарға ақша және жеке деректі бермеу; жеке суреттерді жібермеу; күмәнді сілтемелерге өтпеу; сұхбаттасушының профилін және ол туралы ақпаратты тексеру; күмән туындаған жағдайда жазбаны тоқтату керек», — деп ескертті ІІМ өкілі.


