Бүгін республикалық референдум аясында «Референдум – 2026» атты онлайн марафон басталды. Ауқымды медиа-шараны Қазақстан телерадиокорпорациясы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды QazNews.kz
Таңғы 09:00-де басталған марафон 01:00-ге дейін жалғасады. 16 сағатқа созылатын тікелей эфир барысында қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, ел дамуына қатысты бастамалар мен инновациялық жобалар таныстырылады. Шараның ашылуында 100 домбырашы «Балбырауын» күйін орындады.
Марафон аясында бес негізгі алаң жұмыс істейді. Онда қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен танымал тұлғалардың қатысуымен пікірталастар өтіп, білім беру, креатив индустрия, цифрландыру, жасанды интеллект және жастар мәдениетіне қатысты тақырыптар қозғалады.
Сонымен қатар инновация алаңында отандық өнертапқыштардың жаңа жобалары, роботтар мен жасанды интеллект технологиялары таныстырылады. Төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндіруге арналған роботтары мен қауіпсіздікке бағытталған заманауи технологиялар да көпшілік назарына ұсынылады.
Іс-шара барысында шетелдерден және еліміздің өңірлерінен тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, түрлі сарапшылар өз пікірлерін білдіреді. Онлайн марафон YouTube, Facebook, Instagram, TikTok және Telegram әлеуметтік желілерінде тікелей көрсетілуде.


