Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы мониторинг агенттігінде өткізген жиында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкпен бірлесіп, коммерциялық банктердің заңсыз немесе күмәнді операцияларына бақылауды күшейту қажет екенін мәлімдеді, деп жазады QazNews.kz
Президенттің айтуынша, қаржылық бақылаудың әлсіздігі ірі көлемдегі қаражаттың елден заңсыз шығарылуына жол беріп отыр.
«Жақында төраға Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы «жөнелтілгені» туралы баяндады. Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мұндай деректердің, өкінішке қарай, бірен-саран емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, алаяқтық сипаттағы қаржылық схемалар әлі де кең таралған, тіпті әлеуметтік салаға дейін дендеп кеткен.
Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке банктердің ішкі бақылау жүйесін күшейту, күдікті операцияларды ерте анықтау, қаржылық мониторинг пен ашықтықты арттыру міндеті жүктелуі мүмкін.
Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі қаржы секторындағы тәртіпті күшейтуге, сондай-ақ мемлекеттік қаржының мақсатты әрі қауіпсіз жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған саяси сигнал ретінде бағаланып отыр.


