Қазақстанда көктемнің келуін білдіретін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Наурызнама онкүндігі басталды. Биыл да мерекелік онкүндік 14 наурыз – Көрісу күнінен басталып, елдің барлық өңірінде түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды QazNews.kz
Көрісу күні – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Бұл күні адамдар бір-бірімен амандасып, туыстарымен, көршілерімен және достарымен көрісіп, ізгі тілектерін білдіреді. Бүгінде бұл дәстүр тек батыс өңірлерде ғана емес, еліміздің барлық аймақтарында кеңінен аталып өтуде.

Осы күні Қазақстанның әр өңірінде концерттер, ұлттық ойындар, жәрмеңкелер, көрмелер және салт-дәстүрді дәріптейтін түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мәдениет үйлері мен білім беру ұйымдарында танымдық кездесулер, шеберлік сағаттары мен мерекелік бағдарламалар өткізілуде.
Айта кетейік, Наурызнама онкүндігін өткізу бастамасы Қазақстанда 2024 жылдан бастап енгізілді. Бұл ұсынысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген. Бастаманың мақсаты – Наурыз мерекесінің мәнін кеңейтіп, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді жаңғырту.
Сонымен қатар «Наурызнама» ұғымы қазақ мәдениетінде бұрыннан белгілі. Тарихи деректерде Наурыз мейрамы бұрын бір күнмен шектелмей, бірнеше күн бойы тойланғаны айтылады.

Наурызнама аясында әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, қайырымдылық, мәдениет, ұлттық тағамдар, салт-дәстүр, спорт және қоғамдағы бірлікті нығайтуға бағытталған шаралар өткізіледі. Мерекелік онкүндік 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жалғасады.


