Алматыдағы Gusto мейрамханасында 21 желтоқсанда болған жағдайға байланысты ішкі тексеру аяқталып, мейрамхана әкімшісінің қызметі тоқтатылды. Бұл туралы мекеме ресми мәлімдемесінде хабарлады, деп жазады QazNews.kz
Мейрамхана басшылығының мәліметінше, тексеру қорытындысы сервис стандарттары мен корпоративтік коммуникация талаптарының бұзылғанын көрсеткен. Осыған байланысты басқарушылық шешім қабылданған. Алайда аталған шешім тек ішкі шара ретінде қарастырылып, оқиғаға қатысқан тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді көздемейді.
«Оқиғаға байланысты одан арғы қарау заңнамада белгіленген тәртіппен, тараптардың өзара қатысуымен жүзеге асырылады», – делінген хабарламада.
Шымбұлақта орналасқан мейрамхананың әкімшісі қазақша қызмет көрсетуден бас тартып, халықтың ашуына тиді.
Оқиға тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto мейрамханасында болған. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушысы парақшасында жазған.
