Польша аумағында жоғалып кеткен Қазақстан азаматы Екатерина Шилованың мәйіті табылғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі растады, деп жазады QazNews.kz
Қазіргі уақытта Қазақстанның Польшадағы елшілігі марқұмның туыстарымен және жергілікті құқық қорғау органдарымен байланыс орнатып отыр. Дипломаттар консулдық көмек көрсетіп, оның ішінде мәйітті Қазақстанға жеткізу мәселесін шешуге атсалысуда. Министрлік бұл істі ерекше бақылауға алғанын хабарлады.
42 жастағы Екатерина Шилова 18 ақпанда Варшава қаласында жоғалып кеткен. Сол күні кешкі уақытта ол Астанаға ұшатын рейске отыруы тиіс болған, алайда әуежайға келмеген. Бұған дейін оның жоғалғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тараған еді.
Туыстарының айтуынша, жоғалар алдында оның телефонынан «Германияда жұмыс табылды, сондықтан билетімді өткізіп жібердім» деген мазмұнда күмәнді хабарлама келген. Жақындарының сөзінше, бұл мәтін әйелдің әдеттегі жазу мәнеріне ұқсамайды және оны басқа біреу жазған болуы мүмкін. Осы хабарламадан кейін оның телефоны өшіп, байланыс толық үзілген.


