QAZBILIM ұлттық лицейлерінің жетекшісі Аятжан Ахметжанұлы бесінші сынып оқушылары арасында боқтық сөздердің қолданылуына қатысты пікір білдірді. Ол қыз балалардың әдепсіз тілдесуі қоғамдағы жалпы мәдени құлдыраудың көрінісі екенін айтты, деп жазады QazNews.kz
Айта кетейік, Threads әлеуметтік желісінде бесінші сыныпта оқитын қыздың сыныптасына жазған хаты тарап кетті. Хатты оқушы қыз түрлі былапыт сөздерді жазған.
Педагогтың айтуынша, оқушылар арасындағы боқтық сөз бұрыннан бар мәселе болғанымен, соңғы жылдары жағдай ушығып кеткен. Аятжан Ахметжанұлы бұл тақырыпты бұрын да көтергенін еске салды.
«5 сыныптың қыздарының чаттағы боқтық сөзі талқыланып жатыр. 16 жылдан бері ұстаздық етіп жүрген адам ретінде боқтап сөйлеу оқушылар арасында өте ауыр. Ал қыз балалар арасында тіптен ауыр екенін анық. Өткен жылы осы туралы жазған постым еді!» – деді ол.
Ұстаздың айтуынша, мұғалімдік жолын бастаған кезде-ақ балалардың сөз мәдениеті алаңдатқан.
«Ең алғаш мектепте мұғалім болғанда оқушылардың аузы неге лас деп ойлайтынмын. Бұл қазір тіптен ауырлап кетті. Қазір қыздарға дейін, кішкентай балаларға дейін боқтап сөйлейді. Тіпті жағаңды ұстайсың кейбіріне…»
Ол оқушылардың мұғалімдер бақылауынан тыс чаттарындағы тілдік ахуал да аса ауыр екенін атап өтті.
«Оқушылардың мұғалімсіз отыратын чаттарына кіре қалсаң, ана жердегі тілдесу мәдениетінен адам шошиды. Біраз жыл осы мәселені көп ойландым. Бірақ, сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды. Себеп, балада емес, себеп қоғамда екен».
Аятжан Ахметжанұлы балалардың боқтап сөйлеуінің түп-тамыры ересектердің мінез-құлқында жатқанын айтады.
«Аулада бала ойнатып, балалармен тұра қалсаң, телефонда немесе өзара сөйлесіп тұрған адамдардың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Қасында балалар ойнап жүреді, әлеуметтік орта деп ойланбайды да адамдар».
Оның сөзінше, мұндай көріністер көшеде де, тойда да, тіпті отбасылық ортада да жиі байқалады.
«Көшеде кетіп бара жатсаң, кей адамдардың сөзінен адам ұялады. Сөзден құсық төгіліп, жын шашырап кетіп бара жатқан адамдарды көресің. Бұндай көрініс кейде тойларда да, үйдің кіреберісінде де көрініп жатады. Тіпті кей отбасында дастарқан басында боқтап сөйлеп, телефонда біреудің шешесінен түсіп, әкесінен жібере беретін үлкендерді көреміз».
Педагог қазақ тіліндегі ең қасиетті ұғымдардың өзі боқтыққа айналып бара жатқанын айтты.
«Қазақтың ең қадірлі һәм қасиетті шеше деген сөзін боқтыққа айналдырып болдық».
Ол киноиндустрия мен әлеуметтік желілердің де тіл мәдениетіне кері әсер етіп отырғанын жасырмады.
«Киномыз толған боқтық, бәйәдеп сөзге толды. Экраннан боқтап сөйлемесе аузының дәмі кірмейтін, этикадан жұрдай ессіз киноларды емін еркін көрсетеміз. Бала шағамыздан ұялатынымыз ұяламыз, ұялмайтынымыз бәрі бір отыра береміз!»
Әлеуметтік желідегі жағдай тіпті күрделі екенін де атап өтті.
«Әлеуметтік желі ше? Онда тіпті әдеп жоқ. Тик ток, инста, тредс, Facebook бәрінде қазір ең өтімді ол – Reels. Ал сол қыс видеолар сериясында не жоқ? Өсектен төсекке дейінгі, бас киімнен іш киімге дейінгі, көсем сөзден көбік сөзге дейінгі бәдіктің бәрі бар. Ал, бізде желіге жас шектемесі жоқ. Одан бәрі өз “тәлімін” алып жатыр…»
Оның пікірінше, балалар — қоғамның айнасы ғана.
«Ал, баланыкі не? Сол үлкендердің көрінісі, жаңғырығы, үлесі! Олар үшін боқтап сөйлеу сән! Өйткені үлкендер үшін ол батырлық, шешендік, назар аударту, тренд, күштілік!»
Аятжан Ахметжанұлы бұл мәселені бүгінгі тәрбиедегі ең ауыр түйіндердің бірі деп атады.
«Бұл өте ауыр! Қазір мен ұлттық мектепте осы ұл мен қыздың ұлттық ибасын, әдебін қалай қалпына келтірем деп басымды қасып жүрмін. Мектепте күнде тәрбие береміз, бірақ, қоғам лас, есіктен шыға бере бүлінеді. Бұл тәрбие мәселесіндегі ең ауыр түйіннің бірі. Бірге ойланайық».
Сөз соңында ол жеке ұстанымын да атап өтті.
«Өзім өмірде қанша ашулансам да боқтап сөйлемейтін адаммын. Жалғыз боқтық сөзім бар – есек деген, кейде қолдансам да есектерден ұялам). Мына фотода да ұят қысып отырған еді, бірақ себебі, өзім үшін емес, өзге үшін…»


