11 ақпанда саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың, оның көмекшісі Бауыржан Байбосын мен жүргізушісі Василий Журавлевтің қаза тапқанына 20 жыл толды. Осыған байланысты марқұмның отбасы істі қайта қарау туралы бастама көтерді, деп жазады QazNews.kz
Сәрсенбаевтың туыстары Қазақстан Республикасының Бас прокурорына «жаңадан белгілі болған мән-жайлар» бойынша қылмыстық істі қайта жаңғырту туралы өтініш жолдаған.
Өтініште тергеу және сот процесі барысында бірқатар елеулі заңбұзушылықтарға жол берілгені айтылып, кейбір жайттарға тиісті құқықтық баға берілмегені көрсетілген.
Сондай-ақ құжатта іс материалдарына қатысы бар делінетін аудиожазба туралы да сөз болады. Өтініш иелері бұл жазбада Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың іс бойынша пікір білдіргені айтылғанын алға тартады.
Өтініш авторларының пайымынша, аталған жазба сот процесінің әділдігіне күмән туғызады.
Сонымен қатар олар бірінші президентті осы іс аясында жауапқа алу қажеттігін мәлімдеген.
Сәрсенбаевтың туыстары болған оқиғаны «саяси террор актісі» деп атап, істі жан-жақты әрі тәуелсіз түрде қайта қарауды сұрайды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта құзырлы органдар тарапынан аталған өтінішке қатысты ресми шешім жарияланған жоқ.


