Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026
spot_img
Басты бетБілім және ҒылымКөктем лебіндей кеш: ақын Қасымхан Бегманов жастармен жүздесті

Көктем лебіндей кеш: ақын Қасымхан Бегманов жастармен жүздесті

Бүгін Абай универистетінде ақын, журналист, этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегмановтың «Көктемге хат» атты ән-жыр кеші ұйымдастырылды. «Адал азамат» жобасы аясында өткен тағылымды шарада қаламгер жастармен ашық сұхбат құрып, поэзия мен ән арқылы жүрек сырын ақтарды. Көктем лебіндей сезілген бұл рухани кеш студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, әсерлі диалог алаңына айналды,  деп жазады QazNews.kz

Қазақ руханиятының көрнекті өкілі Қасымхан Бегманов – жыр мен тарихты, сезім мен зердені сабақтастыра білген қаламгер. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы әдебиет пен журналистика саласында өнімді еңбек етіп, ұлт мұрасын түгендеуге, рухани құндылықтарды дәріптеуге сүбелі үлес қосқан әдебиет өкілі. Ақынның сыршыл поэзиясы талай буын оқырманның жүрегіне жол тауып, әсіресе жастардың сезім әлемімен үндесіп, үйлесім тапқан. Университеттің өнерсүйер жастары қадірлі қонақты ерекше ықыласпен қарсы алып, рухани кешті шынайы құрмет пен ыстық ықыласқа бөледі.

– Бүгінгі шара сіздерге арналған, жастар. Бұл кеште көктемге деген сағыныштарыңызды басып, махаббат туралы жыр-шумақтар оқимыз. Сіздермен жолығып отырғаныма қуаныштымын. Сұрақтарыңызды қойып, ашық, сырлы сұхбат жүргізейік, – деп ағынан жарылды ақын.

Ақынның бұл сөзі кештің шырайын кіргізіп, жиналған қауымды еркін де емен-жарқын әңгімеге жетеледі.

Кеш барысында университеттің өнерлі жастары көпшілікке кеңінен танымал «Ол көктем оралмайды», «Бақыттымын өзіңмен» әндерін шырқап, көрермен көңілін көкжиекке самғатса, Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының мүшелері ақынға арнаған жыр жолдарын тебіреніспен шырқады. Республикаға танымал академик-ғалымдар, ақын-жазушылар мен журналистер рухани шараның қадірменді қонағына айналып, әдебиет пен өнердің алтын арқауын жалғаған кештің куәсі болды.

Шара барысында Шаба Әденқұлқызы Қасымхан ақынның «Арманым едің», «Менің де дауысым естілер» әндерін нақышына келтіре орындаса, жас әнші Жақсыбек Қалелбек «Мен сүйген қыздар» әнін әуелетті. Ал Ақсұңқар Ақынбабақызының орындауындағы «Тоғыспаған тағдырым» әні көрермен жүрегіне нәзік мұң сыйлап, зал іші үнсіз толғанысқа бөленді.

Кештің соңы сырлы әңгімеге ұласып, ақын мен студенттер арасында шынайы диалог өрбіді. «Ғашықтық деген не?» деген жүрекке жақын сауалға жауап ретінде оқылған залдағы жас көрерменнің жан дүниесін дір еткізіп, махаббаттың мәңгілік тақырып екенін тағы бір мәрте айқындағандай. Сондай-ақ «Шерлі Түркістан» тарихына қатысты терең сауал қойылып, зерттеуші ақын тарих тағылымын тарқата айтып, өткен мен бүгінді сабақтастырған мазмұнды ойларымен бөлісті.

Ән мен жырдың әуені қатар өрбіген романтикалық кеш студенттердің көкейіндегі сауалдарға жауап беріп қана қоймай, олардың рухани көкжиегін кеңейтіп, әдебиетке деген іңкәрлігін арттырды. Жүрек түкпіріндегі нәзік сезімдерді қозғаған бұл жүздесу жүректерге жылу, көңілге шуақ сыйлаған тағылымды басқосу болды.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр