Иранның жаңа рухани жетекшісі Мұжтаба Хаменеи қызметіне кіріскеннен кейін алғаш рет халыққа үндеу жасап, Таяу Шығыс аймағындағы АҚШ әскери базаларын жабуды талап етті. Бұл мәлімдемені елдің мемлекеттік телеарнасы жариялады, деп хабарлайды QazNews.kz
Өз сөзінде ол әлемдік мұнай тасымалының шамамен 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазын Иран қысым жасау тетігі ретінде жабу мүмкіндігін қарастырып отырғанын айтты. Сонымен қатар, Тегеран көрші мемлекеттермен бейбіт әрі тату қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Алайда сонымен бірге аймақта орналасқан АҚШ әскери нысандарына қарсы әрекеттер тоқтамайтынын ескертті. Хаменеи қаза тапқандар үшін кек алу мәселесі де күн тәртібінен алынбайтынын және қарсы тараптан өтемақы талап етілетінін мәлімдеді.
Бұл мәлімдеме Ирандағы билік ауысқаннан кейін жасалды. 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің шабуылы кезінде бұрынғы рухани көшбасшы Әли Хаменеи қаза тапқан болатын. Ал 8 наурызда оның орнына ұлы Мұжтаба Хаменеи тағайындалды. Бұған дейін Иран Сыртқы істер министрлігі жаңа басшының сол шабуыл барысында жарақат алғанын растаған еді.
Мұжтаба Хаменеи Сарапшылар кеңесінің шешімімен сайланды. Соңғы әскери шабуылдар салдарынан оның жұбайы мен қарындасы да қаза тапқаны хабарланған. Жаңа рухани көшбасшы халықты бірлікке шақырып, Иран алдағы уақытта да қатаң саяси ұстанымын сақтайтынын атап өтті.


