Алматы қаласында өткен «Дарынды балаларға – талантты ұстаз – 2026» атты мұғалімдер арасындағы республикалық олимпиадада Қызылорда облысы, Арал ауданынан барған ұстаз жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Qaznews.kz
Аталған білім бәйгесінде Қызылорда облысы Арал ауданы Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қуанышов Атабай Қуанышұлы республикалық кезеңде І орын иеленді.
Олимпиада Алматы қаласындағы Абай атындағы ұлттық мектептің базасында ұйымдастырылды. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, ұстаздық жолы мен кәсіби тәжірибесін ұсынды. Ал екінші кезеңде әр мұғалім өздерінің педагогикалық идеяларын қорғады.
Байқауға еліміздің әр өңірінен 200-ге жуық мұғалім қатысып, олар 20–25 адамнан бірнеше секцияға бөлініп, өз жобаларын қорғады. Бұл кезеңде қатысушылардың тек жұмысының мазмұны ғана емес, сонымен қатар сөйлеу шеберлігі, аудитория алдында өзін ұстауы және педагогикалық идеяны TEDx форматында әсерлі жеткізе білуі де бағаланды.
Қуанышов Атабай Қуанышұлы байқауда «Арал өңірінің әдеби мультимедиялық картасы» атты педагогикалық идеясын ұсынды. Жобаның басты мақсаты – Арал өңірінен шыққан ақын-жазушылардың әдеби мұрасын жаңғыртып, оны заманауи технология арқылы оқушыларға таныстыру. Мультимедиялық карта арқылы оқушылар белгілі бір аймақты таңдап, сол өңірден шыққан қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтермен таныса алады. Бұл жоба оқушылардың туған өлкенің тарихы мен әдебиетін тереңірек тануына мүмкіндік береді.
Олимпиада 10 ақпан күні өтіп, қатысушылар өз жобаларын қорғады. Ал 11 ақпан күні байқаудың қорытындысы шығарылып, үздіктер марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен аралдық ұстаздың педагогикалық идеясы жоғары бағаланып, республикалық кезеңнің І орын жүлдесіне ие болды.
Бұл жетістік – ұстаздың шығармашылық ізденісінің, білім мен тәжірибесінің жемісі. Осындай жаңашыл жобалар арқылы ұлттық әдеби мұраны насихаттап, оны жас ұрпаққа заманауи тәсілмен жеткізу – бүгінгі білім беру жүйесінің маңызды бағыттарының бірі.


