Фото: ДЧС области Жетысу
Жетісу облысында Алтынкөл көлінде жүргізілген құтқару операциясы кезінде ТЖД қызметкері — Панфилов ауданы №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры Дамир Таранов қаза тапты, деп хабарлайды QazNews.kz
Қайғылы оқиға 7 наурыз күні мұздың сынып кеткен бөлігінде қалып, көлдің ортасына қарай ағып кеткен балықшыға көмек көрсету барысында болған.
ТЖДөрт сөндіруші мәліметінше, оқиға туралы хабар Панфилов ауданы Атамекен ауылдық округіндегі Алтынкөл көлінен түскен. Оқиға орнына департаменттің күштері мен құралдары, Жаркент қаласындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, Талдықорған қаласының жедел-құтқару жасағы, сондай-ақ ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің және Алматы облысы ТЖД құтқарушылары жіберілді.
Құтқару жұмыстары кезінде мұз қайтадан жарылып кеткен. Соның салдарынан Дамир Таранов қызметтік міндетін атқару барысында қаза болды. ТЖД оның соңына дейін антына адал болып, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында өз жұмысын атқарғанын атап өтті.
Ведомствоның хабарлауынша, Дамир Таранов 1994 жылғы 28 маусымда дүниеге келген. Ол азаматтық қорғау жүйесіндегі еңбек жолын 2012 жылы бастаған, ал 2016 жылдан бері өртке қарсы қызмет органдарында жұмыс істеген. Әр жылдары Панфилов ауданы мен Қапшағай қаласындағы бөлімшелерде қызмет атқарып, соңғы уақытта Жетісу облысы Панфилов ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы болған.
Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды. Жетісу облысының ТЖД оның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.


