Алматы қаласындағы жолдардың сапасы ерекше назарда. Жыл басынан бері қала аумағындағы әртүрлі жөндеу жұмыстары кезінде 400-ге жуық сынама алынып, зертханалық тексерістен өткізілді. Бұл жұмыстарды “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК Алматы қалалық филиалының мамандары жүргізіп отыр.
Қазіргі таңда мегаполисте ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Жөндеу барысында пайдаланылатын құрылыс материалдары мен асфальтбетон қоспалары сапа стандартына сәйкестігі тұрғысынан мұқият тексеріледі.
Әрбір алынған сынама жол сапасына әсер ететін басты көрсеткіштердің бірі болып табылады. Зертханадағы талдау нәтижелері бойынша, сынамалардың 30 пайыздан астамы талаптарға сәйкес келмеген, – дейді филиал инженері Әлібек Жақсылық.
Сапасыз материалдардың қолданылуына жол бермеу – басты мақсат. Сондықтан жол сапасы үнемі бақылауда. Зертхана мамандары мердігер ұйымдарға тиісті ұсыныстар беріп, сәйкессіздік анықталған учаскелер бойынша шаралар қолдануды талап етеді.
Алматы қаласы үшін сапалы және ұзақ мерзімге төзімді жол инфрақұрылымын қалыптастыру – өзекті міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.