Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Алматы облысында бірқатар әлеуметтік жобаға қаржы бөлінгенін хабарлады, деп жазады QazNews.kz
Депутаттың айтуынша, Алматы облысына жасаған іссапары барысында тұрғындарға жағымды жаңалық жеткізілген. Жарты жылға созылған жұмыс пен ҚР Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері, сондай-ақ облыс әкімдігінің қолдауы нәтижесінде өңір үшін маңызды әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға шешім қабылданған.
Атап айтқанда,
– Талғар ауданы Тұрар Рысқұлов ауылындағы №16 мектепке жапсаржай салу;
– Еңбекшіқазақ ауданының Тескенсу ауылдық округінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызу;
– Райымбек ауданы Қайнар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.
Сонымен қатар, Нұргүл Тау Талғар қаласындағы агробизнес және менеджмент колледжінде салынып жатқан 115 орындық жатақхананың құрылысымен танысқан. Оның айтуынша, бұл жоба жастардың сапалы білім алып, қолайлы жағдайда тұруына мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тұрғындар көтерген мәселелер депутаттың жеке бақылауына алынған. Әрбір сұрақ жүйелі түрде қаралып, нақты шешімдер қабылданады.
«Өңірлерді дамыту қағаздағы жоспармен емес, нақты іске асқан жобалармен өлшенуі тиіс», – деді Нұргүл Тау.
Депутат ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың “Respublica” партиясының тұрақты күн тәртібінде екенін атап өтті.
