Есік қаласында Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл толуына орай және V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау мақсатында тоғызқұмалақтан “Абай жүлдесі” Алматы облыстық турнирі өтті.
Турнирге түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, мәслихат қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері мен БАҚ қызметкерлері қатысты. Алматы облысындағы 9 аудан мен 2 қаладан 40-тан астам ойыншы 7 тур бойы бақ сынасты. Ашылу салтанатына Алматы облыстық мәслихатының депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Нұрбеков Болатжан мен Алматы облыстық тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Жарас Ниязбек қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
“Тоғызқұмалақ — бұл біздің ұлттық құндылығымыз, мақтанышымыз. Ақыл-ойды дамытатын зияткерлік ойын. Бұл — ұлы ойшыл Абай жақсы көріп ойнаған тоғызқұмалақ. Қазақстан мәслихатының 30 жылдығы құтты болсын. Тоғызқұмалағымыз дами берсін” деді Нұрбек Саймасайұлы.
“Тоғызқұмалақ ойынында жеңілген адам болмайды, жеңетін — ұлттық мүдде. Осы сөзді жиі айтамыз. Себебі тарихы терең тоғызқұмалақ ойынын әлемге танытуда, насихатын арттыруда көп еңбектер атқарылуда. Әр үйде бір тоғызқұмалақ тақтасы тұруы тиіс. Бұл — ұлттық құндылыққа деген құрмет, тоғызқұмалақ насихатына қосылған үлес. Бүгінгі турнир де ұлттық ойынды дәріптеу мақсатында өтіп жатыр. Тоғызқұмалақ ойыны дами берсін” деді Жарас Ергөбекұлы.
7 турдан тұратын турнирдің 1 және 2 орын жеңімпаздары тамыз айында Астана қаласында өтетін финалдық жарысқа жолдама алады. Турнир қорытындысы бойынша ерлер арасында:
1 орын — Сатыбалды Ермұхамет, Талғар ауданы;
2 орын — Қылышбаев Ерболат, Іле ауданы;
3 орын — Родионов Виталий, Іле ауданы;
3 орын — Нуртилеуов Амандық, Еңбекшіқазақ ауданынан жеңімпаз атанды. Ал әйелдер арасында:
1 орын — Ярмухаметова Гульниса, Ұйғыр ауданы;
2 орын — Арсинова Дильназ, Ұйғыр ауданы;
3 орын — Сатыбалды Ақнұр, Талғар ауданы;
3 орын — Ермекқызы Перизат, Талғар ауданы.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамота және медальдармен марапатталды.