Алматы облысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА су ресурстары тапшылығының өзекті мәселелеріне және оның ауыл шаруашылығына әсері жөнінде «Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы: су ресурстарын тиімді және қауіпсіз басқару» тақырыбында Егінжай күніне арналған далалық семинар өткізді, деп хабарлайды QAZNEWS.
Іс-шараға аталған академияның президенті Ақылбек Күрішбаев, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Болат Бекнияз, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Жақанбаев Әлібек және егіншілік, су, ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен жетекші ғалымдар, сарапшылар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері, ірі кәсіпкерлер мен агробизнес өкілдері қатысты. Олар су тапшылығының негізгі себептерін, оның ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне әсерін талқылап, мәселені шешу жолдарын қарастырды.
Негізгі талқыланған мәселелер:
Су тапшылығынан болатын қауіп: Климаттың өзгеруі, су ресурстарын тиімсіз басқару және ауыл шаруашылығындағы ескірген технологиялардың кесірінен Қазақстан су тапшылығына ұшыраудың алдында тұр. Бұл топырақ сапасының нашарлауына, егіннің төмендеуіне, экономикалық шығындарға әкеп соғады.
Бұл мәселенің шешімі – инновация: тамшылатып суару, топырақтың ылғалдылық датчиктерін пайдалану, суды цифрлық жүйеде басқару және құрғақшылыққа төзімді дақыл түрлерін енгізу сияқты суды үнемдеу саласындағы инновациялық технологияларды енгізу маңызды.
Кешенді түрде жұмыс істеу: Су тапшылығы проблемасын шешу үшін заңнаманы жетілдіру қажет, ғылыми зерттеулерді дамыту, инфрақұрылымға инвестиция тарту, халыққа көбірек ақпарат тарату және мемлекет, ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты қамтитын кешенді тәсіл қажет.
Ғылымның рөлі зор: Ғалымдар жаңа технологияларды әзірлеу мен енгізуде, су ресурстарының жай-күйін бақылауда, ықтимал тәуекелдерді болжауда шешуші рөл атқарады.
Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, біздің елде суды ысырып ету әлі де бар. Себебі біздегі су арналарының 78 пайызы әлі күнге дейін топырақтан қазылған. Соның кесірінен ағын судың шамамен 40 пайызы тұтынушыға жеткенше жерге сіңіп кетеді екен. ҒылымаАкадемия басшысы келтірген дерек бойынша, суармалы жерлердің тек 20 пайызында су үнемдеу технологиялары қолданылады, оның ішінде тамшылатып суару тек 5,4 пайызға тең.
«Су ресурстарының негізгі тұтынушысы – ауыл шаруашылығы, яғни елдің жалпы су тұтыну көлемінің шамамен 70 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Егер біз кешенді түрде су ресурстарын тиімді басқаруды үйренсек, онда су тұтыну көлемін кемінде 50 пайызға қысқартып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 1,5 есе арттыра аламыз. Бұл теория емес, бұл біздің озық шаруашылықтарымыздың нақты көрсеткіштері. Мұның бәрін сіз бүгін тәжірибе алаңдарында көрдіңіз», деді Ақылбек Күрішбаев.
Егінжай күнінде суды үнемдеу және су ресурстарын басқару саласындағы ең жаңа әзірлемелер ұсынылды, олар Қазақстанның ауыл шаруашылығына оның тиімділігі мен климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру үшін енгізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ғылым мен техниканың түрлі салаларында зерттеумен айналысатын ғылыми ұйым. Академия ғылым және инновация саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға белсенді түрде қатысады.