Сенбі, 28 марта, 2026
spot_img
Басты бетЖаңалықтарАлатау баурайында Наурыз думаны: жолшылар мерекені кең көлемде атап өтті

Алатау баурайында Наурыз думаны: жолшылар мерекені кең көлемде атап өтті

Алматы облысында жол саласының мамандары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатпен атап өтті. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы облыстық филиалы ұйымдастырған мерекелік іс-шараға Алматы қалалық, Жетісу және Жамбыл облыстық филиалдарының, сондай-ақ Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы мекемесінің қызметкерлері қатысып, бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетті, деп хабарлайды QazNews.kz

Алатау баурайындағы көркем табиғат аясында өткен мерекелік жиында қонақтар қазақы дәстүрмен шашу шашылып қарсы алынып, ақ дастархан жайылды. Келген көпшілікке наурыз көже ұсынылып, бұл күннің ырыс пен молшылықтың, жаңару мен татулықтың белгісі екені айқын көрініс тапты.

Іс-шара барысында ардагер жолшылар ақ батасын беріп, ел игілігі жолындағы еңбектің жемісті болуын, жолдардың сапасы артып, халықтың қатынасына қолайлы жағдай жасала беруін тіледі.

Мерекелік бағдарлама ұлттық ойындармен жалғасын тапты. Жігіттер қой көтеріп, арқан тартысудан күш сынасса, қыз-келіншектер мың бұралып би билеп, өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, қатысушылар садақ атып, мергендіктерін көрсетті. Күмбірлеген оркестр сүйемелдеуімен шырқалған әндер мерекенің көркін аша түсті.

Screenshot

Алматы қалалық филиалының директоры Мәулен Әліпов жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл күннің мән-маңызына ерекше тоқталды:

«Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, бірлік пен берекенің мейрамы. Осындай игі дәстүрлер арқылы біз ұлт құндылықтарын дәріптеп, ұжым арасындағы ынтымақты нығайтамыз. Барша әріптестерімізге зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларына амандық тілеймін. Еліміздің жол саласы қарқынды дамып, сапасы арта берсін!» – деді ол.

Айта кетейік, бұл мереке тек думан ғана емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, рухани жаңғыруға жол ашатын маңызды күн. Бірлік пен татулықтың символына айналған Наурыз әр шаңыраққа бақ-береке мен қуаныш әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр