Шымкентте қаза тапқан сарбаз Данияр Амалбековтің әкесі Серік Амалбеков әскери қызметкерлер ұлын ауру деп көрсетуге мәжбүрлегенін жеткізді, деп жазады QazNews.kz
“Мені бірнеше үй арасына апарып, көлікке отырғызып, видеоға түсірді. Мен олардың айтқан сөздерін қайталауға мәжбүр болдым”, – дейді Серік Амалбеков Halyqstan телеграм арнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ марқұмның ата-анасы ұлдарының лейкоз ауруына шалдыққаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Айтуларынша, мұндай мәліметті растайтын ресми құжат жоқ.
“Пункция тек 5 қаңтарда жасалды. Ал 6 қаңтарда ол өмірден озды. Біздің баламызды азаптады. 11 желтоқсаннан бастап оны түрлі ауруханаға апардық. Барлығы төрт стационарда болды, мемлекеттік де, жеке де. Бірақ неге оны әскери госпитальға бағыттамады?” – деді Даниярдың анасы Гаухар Сәрсебаева.
Туыстарының сөзінше, лейкозға жүргізілген талдаудың нәтижелері тек келесі аптада дайын болады.
Айта кетейік, күні кеше Шымкентте әскери борышын өтеуге барған сарбаз қайтыс болғаны туралы жазған едік.
Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің сарбазы Данияр Амалбеков әскер қатарына Жамбыл облысынан шақырылған.
“6 қаңтарда оның жүрегі кенеттен тоқтап қалды. Ол қалалық ауруханалардың бірінде қайтыс болды. Алдын ала қойылған диагноз – «жедел лейкемия», – деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Марқұмның туыстары оның ауруханаға түскені туралы бірнеше аптадан кейін ғана білгенін айтады. Алғашында «пневмония» делініп, кейін «емделіп шықты» деген ақпарат берілген.
Туыстары «Сау бала әскерге кетіп, бір айдан кейін табытпен оралды» деп отыр.
