Абай университеті еліміздегі әйелдер қауымының көшбасшылық әлеуетін арттыруға бағытталған бірегей бастаманы қолға алды. Университет қабырғасында 7M04120 «Саясат жобасы және әйелдер көшбасшылығы (EMBA)» білім беру бағдарламасы іске қосылмақ. Аталған бастама «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Білім беру бағдарламасы мемлекеттік басқару, қоғамдық саясат, азаматтық қоғам институттары мен үкіметтік емес ұйымдар саласында қызмет етіп жүрген мамандарға арналған. Оны сәтті аяқтағандарға мемлекеттік басқару және қоғамдық саясат саласындағы магистрлік дәреже беріледі. EMBA (Executive Master of Business Administration)форматындағы бұл оқу курсы заманауи мемлекеттік менеджменттің барлық талаптарын ескере отырып әзірленген.
«Саясат жобасы және әйелдер көшбасшылығы» білім беру бағдарламасының мазмұны стратегиялық менеджмент, қоғамдық саясатты жобалау, гендерлік саясат, инклюзивті даму және цифрлық мемлекеттік басқару сияқты өзекті бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар, тыңдаушылар келіссөздер жүргізу мен медиация дағдыларын меңгеріп, нақты кейстер негізінде басқарушылық шешім қабылдауды үйренеді. Бұл білім беру моделі теориядан гөрі практикалық нәтижеге басымдық беріп, стратегиялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Ауқымды білім беру жобасы «AMANAT» партиясының тікелей қолдауымен жүзеге асырылуы оның саяси және стратегиялық маңызын айқындай түседі. Партияның бұл бастамаға серіктес болуы – еліміздегі әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге араласу белсенділігін арттыру мен гендерлік саясатты ілгерілетуге бағытталған нақты қадамы.
Қазіргі таңда әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған жаңа мүмкіндіктерқарастырылып, іске қосылып жатыр. Жаңа бағдарлама білім мен көшбасшылықты ұштастырып, ел дамуына үлес қосатын жаңа буын қалыптастыруды көздейді.


