Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасының іске қосылуы күткен нәтиже бермеді. Автонарық мамандары желтоқсан айында кеңінен таныстырылған жоба халық арасында сұранысқа ие бола алмағанын айтады, деп жазады QazNews.kz «Nur.kz«-ке сілтеме жасап.
Сарапшылардың пікірінше, бағдарламаның негізгі кемшілігі – оның қымбаттығы. Қолданыстағы шарттар көпшілік үшін қолжетімсіз болып отыр. Бағдарлама іске қосылғалы бері бар болғаны бір ғана лизингтік мәміле жасалған, ал бірқатар банктер жобаны толыққанды енгізуге әлі кіріспеген.
Автоэксперт Алексей Алексеевтің айтуынша, Қазақстанда ұсынылған автолизинг классикалық автонесиеге ұқсас болып шыққан.
«Адам неге лизингке көлік алуы керек, егер ол машинаның иесі болмаса? Оның үстіне шарттары тиімсіз болса. Батыс елдерінде лизинг 2–3 жылға беріледі және адам тек көліктің амортизациялық құнын ғана төлейді», – дейді сарапшы.
Маманның сөзінше, халықаралық тәжірибеде автокөлік өндірушілер өздерінің лизингтік компанияларын құрады. Ал Қазақстанда бұл іске банктердің араласуы қызмет құнын одан әрі өсіріп жіберген.
«Банк араласқан жерде базалық мөлшерлеме, банк пайызы, қызмет көрсету ақысы қосылады. Нәтижесінде бұл халыққа тиімсіз өнімге айналады. Сондықтан ешкім пайдаланбай отыр», – дейді Алексеев.
Сонымен қатар сарапшылар бағдарламаны әлі түбегейлі бағалауға ерте екенін атап өтті. Өйткені автолизинг жеке тұлғалар үшін жаңа өнім және ол заңнамалық тұрғыда жетілдіруді қажет етеді.
«Қауіпсіз жол» қоғамдық бірлестігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуовтың айтуынша, ең бастысы – баға саясатының ашық болуы.
«Нақты тарифтер болуы керек: қанша, не үшін төленеді – бәрі түсінікті болуы шарт. Сонда азаматтар несие алып, қымбат төлей ме, әлде лизингке алып, арзанырақ төлей ме – саналы түрде таңдай алады», – дейді ол.
Айта кетейік, жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап іске қосылды. Жоба автонесие ала алмайтын қазақстандықтарға көлік алуға мүмкіндік беруді көздейді. Алайда алғашқы айларда-ақ бағдарламаға деген қызығушылықтың төмен екені байқалды.
