Қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев ресейлік насихатшы Владимир Соловьёвтің даулы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп жазады QazNews.kz
Бұған дейін ресейлік тележүргізуші Орталық Азия мен Кавказды Ресейдің «ықпалды аумағы» ретінде атап, қажет болған жағдайда аталған өңірлерге қарсы халықаралық құқықты елемей, әскери күш қолдануға болатынын ашық түрде меңзеген еді.
«Бұл мәлімдеме Кремльдің АҚШ-тың Венесуэлаға қатысты әрекеттеріне жанама реакциясы ма, әлде Орталық Азия мен Кавказ елдеріне бағытталған ескерту ме, не болмаса Соловьёвтің жеке саяси демаршы ма — айту қиын. Мұның бәрі қатар келген болуы да мүмкін», — деді Ғазиз Әбішев.
Оның пікірінше, мұндай себепсіз әрі жария сипаттағы мәлімдемелер одақтас елдерге қатысты мемлекетаралық қарым-қатынас әдебінің бұзылуы ретінде бағалануы тиіс.
«Бір нәрсені нақты ажырата білу керек. Өз еліңнің геосаяси мүдделерін ашық айту — қалыпты жағдай. Ал көрші мемлекеттермен ықтимал әскери қақтығысқа қоғамды алдын ала дайындау мүлде басқа мәселе», — деп атап өтті саясаттанушы.
Сондай-ақ Әбішев өшпенділікке негізделген мұндай риториканың нақты салдары бар екенін ескертті. Оның сөзінше, дәл осындай мәлімдемелерден кейін Қазақстан секілді елдердің көпвекторлы саясат ұстанып, Қытай, Түркия және өзге мемлекеттермен, оның ішінде әскери ынтымақтастықты дамытуы кейбір ортада теріс қабылдана бастайды.
«Содан соң «олар бізге қарсы бірдеңе ойластырып жатыр ма, неге басқа елдермен жақындасады, неге қару алады, неге бірлескен жаттығулар өткізеді» деген орынсыз күдік туындайды. Ал мұндай көзқарастың қайдан шыққанына мән берілмей жатады», — деді ол.
Совольевтің мәлімдемесі
Еске салайық, бұған дейін ресейлік насихатшы Владимир Соловьёв Мәскеу «арнайы әскери операцияны» тек Украинада емес, посткеңестік кеңістіктегі өзге елдерде де бастауы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Оның айтуынша, Ресей үшін ең қауіпті аймақтар — Армения мен Орталық Азия мемлекеттері. Соловьёв бұл бағыттар ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан Сирия немесе Венесуэладағы жағдайдан әлдеқайда маңызды екенін айтты.
«Армениядан айырылу — аса үлкен мәселе. Азиядағы, нақтырақ айтқанда өздері Орталық Азия деп атайтын өңірдегі түйткілдер — біз үшін ауқымды қатер. Сондықтан мақсаттарымыз бен міндеттерімізді ашық әрі нақты айқындау қажет. “Ойын аяқталды” деп тура айту керек. Халықаралық құқық пен халықаралық тәртіпке сүйенудің қажеті жоқ. Егер ұлттық қауіпсіздігіміз үшін Украинада арнайы әскери операция бастауға мәжбүр болсақ, дәл осы уәжбен өзіміз ықпал аймағы деп санайтын басқа өңірлерде де осындай қадамға баруға не кедергі?», — деген еді ол.
