Бүгін қасиетті қарашаңырақта Абай университеті және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен «Қазақта қара сөзге дес бермедім» І республикалық жас ақындар айтысы өтті. Қара өлеңнің көрігін қыздырған сөз сайысында еліміздің 10 облысынан, 12 жетекші университетінен келген 14 жас талант бақ сынады.
Төл өнерімізді жаңғырту, айтыс өнерін кеңінен насихаттау, жас ақындардың суырып салмалық қабілеттерін шыңдауды мақсат еткен дүбірлі дода – айтыстың алтын діңгегі Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және айтыс ақтаңгері Оразалы Досбосыновтың 50 жылдық мерейтойына арналды.
Республикалық бәсекені ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп рухани құндылығы жоғары өнер жарысының маңызы мен мәнін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.Ұлттық өнерді қолдау – ел руханиятын дамытудағы маңызды қадам екенін айтқан айтыстың бас демеушісі «Таза бренд» отандық өнімдер компаниясының директоры Жібек Аманкелдина жастардың шығармашылық жолына демеу болу – әрбір отандық өнім өндірушінің азаматтық борышы екенін ерекше атап өтті.
Тапқырлық пен қалжыңнан «қуырдақ қуырған» сөз сайысына айтыскер ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағының Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Серік Қалиев (қазылар алқасының төрағасы), айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Оразалы Досбосыновтың ұстазы Даубай Әбдісаев, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, Мәдениет және Ақпарат саласының үздігі, «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы филиалының жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Құтпанбай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жабал Шойынбет, айтыскер ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Шұғайып Сезімхан қазылық жасады.
Іріктеу кезеңінде 14 ақын өз өнерлерін ортаға салып, қазылар алқасының жоғары ұпайына ие болған 8 ақын екінші кезеңге жолдама алды. Үміткерлер шеберлігі сараланып жатқанда, сахнада университет студенттері өнер көрсетіп, концерт қойды.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Ақтөбе облысы А.Жұбанов атындағы университетінің студенті Арай Нұрадинге бұйырды. Ол 400 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал І орынға Алматының қаласы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті Данияр Болатхан ие болып, 300 000 теңге иеленді. ІІ орынды Алматы қаласыАбай атындағы ҚазҰПУ студенті Санжар Даярбек пен ШҚО С.Аманжолов атындағы университеттің студенті Айғаным Балғабаева өзара бөлісіп,әрқайсысы 200 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық жеңіп алды. 150 теңгеден тұратын ІІІ орын төрт қатысушы: Астана қаласы К.Бәйсейітова атындағы ҚазҰӨУ студенті Марсель Ерсайыновқа, Жамбыл облысы Ш.Мұртаза атындағы университеттің студенті Жанерке Қамбарға, Павлодар облысы Ә.Марғұлан атындағы университетНұрбек Бәкірге және Қызылорда облысы Қорқыт ата атындағы ҚызМУ студенті Дильназ Ержігіткебұйырды.
Сонымен қатар, қалған ақындар арнайы номинациялар бойынша 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сайлық иеленді. Олар:
Есенқұл Жақыпбеков атындағы арнайы жүлде – Ерасыл Сейтжанұлы (Астана қаласы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ);
Серік Ыдырысов атындағы арнайы жүлде – Арыстан Ағыбай (Алматы облысы, СДУ);
Сиязбек Сүлейменов атындағы арнайы жүлде – Серікбол Базылбек (Маңғыстау облысы, Ш.Есенов атындағы университет);
Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлде – ДаниялБолысбек (Түркістан облысы, Ө.Жәнібеков атындағы университет);
Темірхан Тебегенов атындағы арнайы жүлде – Абылай Қайратұлы (Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ);
Хасен Саматыров атындағы арнайы жүлде – Мағжан Сауытбек (Шымкент қаласы, Саз колледжі).
Айта кетейік, күні кеше Абай атындағы ҚазҰПУ-да университет түлегі, айтыс өнерінің ақтаңгері, от ауызды, орақ тілді ақын Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығы заманауи үлгіде қайта жаңғырып, ресми түрде ашылған болатын. Онда республикалық жас айтыскер ақындар түрлі дәрістер тыңдап, өнерлерін жетілдіреді. Басты мақсаты – төл өнерімізді жаңғырту, айтыс өнерін кеңінен насихаттау, жас ақындардың суырып—салмалық қабілеттерін шыңдау. Оразалы орталығы бұдан кейін республикалық және халықаралық жас ақындар айтысын дәстүрлі түрде өткізіп тұрмақ.
