Ақтөбеде 16 жастағы жасөспірім өз анасын пышақтап өлтіріп, әжесіне ауыр жарақат салды, деп жазады QazNews.kz
Облыстық полицияның мәліметінше, жедел диспечерге қала тұрғынынан жантүршігерлік қылмыс туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барған полицейлер күдікті жасөспірімді бірден ұстап, ол өз кінәсін мойындаған.
71 жастағы әйел бірнеше жерінен жарақат алып, №1 қалалық көпсалалы аурухананың травматология бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Аурухананың бас дәрігері Қадірбек Иманбаевтың айтуынша, қарияның денесінде көптеген жарақат бар.
«Бес жерінен жарақат алған, қабырғасы сынған. Кеуде мен іш қуысына жабық жарақат түскен. Аяқ-қолында да кесілген іздер бар. Барлық қажетті тексерулер жасалды. Қазір ем алып жатыр. Түнде шошып оянады, оқиғаны есіне алғысы келмейді», – деді дәрігер.
Бала құқықтарын қорғау басқармасы оқушының үлгілі отбасында өскенін, жақсы оқығанын, бірақ тұйық әрі үндемейтін мінезді болғанын айтты.
Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Білім басқармасы мен құқық қорғау органдары мектептердегі қауіпсіздікті күшейтуге және ата-аналарға балалардың психологиялық жағдайына жіті назар аударуға шақырды.
