Қазақстанның Еңбек министрлігі мен Кореяның Әділет министрлігі ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасының мерзімдерін кеңейту жөнінде келісімге келді, деп жазады QazNews.kz
Ведомство мәліметінше, Корея Республикасының Әділет министрлігімен заңсыз көші-қонды азайту және азаматтарымыздың құқығын қорғау мәселелері бойынша жүргізілген келіссөздер барысында Кореяда заңсыз жұмыс істеген Қазақстан азаматтарына айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салмай, елден ерікті түрде шығуға мүмкіндік беретін ерікті қоныс аудару бағдарламасының мерзімін ұзартуға уағдаласқан.
«Отандастарымыз бұл мүмкіндікті 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпанға дейін пайдалана алады. Бағдарлама қылмыс жасаған, мәжбүрлеп шығару қажет, сондай-ақ, 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге түскен шетелдіктерге қолданылмайды», — деп жазылған министрлік хабарламасында.
Бағдарламаға қатысу үшін төлқұжат, ерікті қоныс аудару туралы өтініш және әуе билеті қажет.
