Ақтөбеде жекеменшік қос мектептің 700-ден аса мұғалімі төрт айдан бері жалақы ала алмай жүр, деп жазады QazNews.kz «КТК» телеарнасына сілтеп.
Ұстаздар қарызға белшесінен батып, несие төлемегендердің қара тізіміне ендік деп ашынады. Бір құрылтайшының меншігіндегі қос мектепте 9 мыңнан аса оқушы білім алады. Соларға сабақ беретін 741 мұғалім тамыздан бері айлық алмаған.
Компанияның екі айдағы жалақы бойынша қарызы бір жарым миллиард теңгеден асыпты. Мектеп басшылығы мәселеге жаңа жүйедегі ақау себеп болды деп ақталады.
Еңбек инспекторлары оларға айыппұл салып кеткен. Айта кетейік, әр балаға қазынадан жылына 570 мың теңге бөлінеді. Енді ол қаржы көктемнен бастап жергілікті бюджеттен бөлінбек.
Білім басқармасындағылар қазір «Білім класс» және «Е қазына» платформаларын сәйкестендіріп жатқанын айтады. Сол реттелген бойда жалақы дауы шешіледі деп сендірген.
