Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде газ иісінен улану салдарынан екі бала қайтыс болды. Тағы бір үш жастағы сәби комадан әлі шықпаған, деп хабарлайды qaznews.kz.
Қайғылы оқиға туралы пәтерде алты сағат бойы ес-түссіз жатқан әйел есін жиғаннан кейін хабарлаған. Ол алдымен осы үйде тұратын 27 жастағы келіншектің әпкесіне қоңырау шалған.
Оқиға болған күні 15 жастағы студенттің анасы Түркістаннан қонаққа келген. Пәтерде болған бес адамның үшеуі ғана аман қалған.
Қызын көруге келген анасы оның мәйітін алып, туған ауылына қайтуға мәжбүр болған. Ал 27 жастағы келіншек аурухана палатасына ауыстырылғанымен, бес жастағы ұлынан айырылғанын әлі білмейді. Оның үш жастағы қызы да комада жатыр.
Оқиғадан кейін көпқабатты үйлердегі газ құбырларын тексеру жұмыстары күшейтілді. Қазір мамандар қайғылы жағдайдың нақты себебін анықтап жатыр.


