FlyArystan әуе компаниясының Алматыдан Павлодарға бағыт алған ұшағы ауа райының қолайсыздығына байланысты межелі әуежайға жете алмады. Әуе кемесі Павлодарға шамамен 300 шақырым қалғанда кері бұрылып, Алматыға оралды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Бұған Павлодарда жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді деген болжам себеп болған. Мұндай жағдайда ұшақтың сыртқы бөліктеріне мұз қатуының алдын алу үшін арнайы сұйықтықпен өңдеу қажет. Алайда Павлодар әуежайында мұндай қызметті көрсету мүмкін болмағандықтан, экипаж Алматыға қайту туралы шешім қабылдаған.
Осыған байланысты 20 қазанға жоспарланған FS-7131 рейсі және Павлодардан Алматыға кері бағыттағы FS-7132 рейсі тоқтатылды.
Әуе компаниясы жолаушыларға билеттерін басқа күнге тегін ауыстыруды немесе ақшасын толық қайтаруды ұсынды.


