Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше елдегі елшілерді тағайындады, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Бұрын Грузияда елші болған Мәлік Мырзалин Қазақстанның Малайзиядағы елшісі болып тағайындалды.
Мәлік Мырзалин 1971 жылы туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдады. Еңбек жолын Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде бастап, дипломатиялық және мемлекеттік қызметте бірқатар лауазым атқарған. 2022 жылдың желтоқсанынан бері Қазақстанның Грузиядағы елшісі қызметін атқарып келді.
Оның Грузиядағы бұрынғы қызметіне Талғат Адуов тағайындалды.
Талғат Адуов 1976 жылы туған. Ыстанбұлдағы Мармара университетінде экономика мамандығы бойынша білім алған. Әр жылдары Сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық қызмет атқарып, Президент Әкімшілігінде, Премьер-министр кеңсесінде және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында жұмыс істеген. 2022 жылдан Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Жарлығымен Болат Болатұлы Сүгірбаев Қазақстанның Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды. Ол Қазақстанның Бруней-Даруссаламдағы елшісі қызметін де қоса атқарып келген.


