Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы лотерея ұйымдастырған бірқатар блогер мен танымал тұлға жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова, актриса әрі блогер Әсел Асқар, сондай-ақ Аружан Әбілова, Айым Алтынбекова және Елдос Қадірханов бар, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында лотерея туралы заңнаманы бұзған 69 әлеуметтік желі аккаунты анықталған.
Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-бабының 1-бөлігі – «Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ең ірі айыппұл «aitoli_aktau» аккаунтына салынған. Оның көлемі 525 АЕК немесе 2 064 300 теңгені құрады. Ал ең төменгі айыппұл 50 АЕК, яғни 196 600 теңге болған.
Гүлзира Айдарбековаға 196 600 теңге айыппұл салынды. Әсел Асқар 648 750 теңге төлеуге міндеттелген.
Сондай-ақ блогер Аружан Әбіловаға, Елдос Қадірхановқа және «aekaposh» лақап атымен танымал Айым Алтынбековаға 648 750 теңгеден айыппұл салынған.
Бұдан бөлек, министрлік мәліметінде тағы бірнеше танымал әлеуметтік желі аккаунтының лотерея заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны көрсетілген.


