Бүгін Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы бірінші сессиясының ашылуына қатысады, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай отырысындағы сөзі сағат 11.00-де республикалық телеарналар мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда тікелей эфирде көрсетіледі.
Құрылтайдың алғашқы отырысына 145 депутат қатысып, Палата төрағасын сайлау мәселесін қарайды.
Мемлекет басшысы ұсынған үміткер депутаттардың жасырын дауыс беруі арқылы бекітіледі. Төраға сайланғанға дейін алғашқы сессияны Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жүргізеді.
Конституциялық талаптарға сәйкес, Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған сәттен бастап қолданыстағы Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылады. Осыған байланысты Олжас Бектенов жетекшілік ететін министрлер кабинеті жаңа Үкімет құрылғанға дейін уақытша өз міндеттерін атқара береді.
Бұдан кейін Президент депутаттардың келісімін алған соң Премьер-министрді тағайындайды. Ал жаңа Үкімет басшысы қызметіне кіріскеннен кейін он күн ішінде министрлер кабинетінің жаңа құрамына қатысты ұсыныстарын Мемлекет басшысына енгізуге міндетті.


