Құрылтай сайлауы кезінде Қазақстан халық партиясының атынан белсенді пікір білдіріп, қоғамдық-саяси талқылауларда жиі көрінген Ермұхамед Ертісбаев саясаттан кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaznews.kz Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол бұл шешімін әлеуметтік желідегі жазбасында жариялады. Саясаткердің айтуынша, Құрылтай сайлауының қорытындысы бойынша Қазақстан халық партиясы 3 пайыздан астам дауыс жинағаннан кейін өзінің саяси жолына қорытынды жасауға бел буған.
«Белсенді саясаттағы қызметімді аяқтаймын. Мен үшін саяси өмірімнің бұл кезеңі мәресіне жетті», – деді Ертісбаев.
Ол сондай-ақ Қазақстан халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқановтың ұстанымын қолдайтынын жеткізді. Ертісбаевтың сөзінше, шамамен екі ай бұрын партия басшылығынан кеткеннен кейін ұйым жаңа жетекшілікпен жұмысын жалғастырып жатыр.
Саясаткер сайлауалды науқанға атсалысқан партия мүшелері мен жақтастарына ризашылығын білдіріп, қазақстандық социализм идеясы күткен деңгейде қолдау таппағанын айтты.
Оның пікірінше, бұған қоғамның мұндай идеяларға әзір болмауы немесе партияның өз бағдарламасын жеткілікті дәрежеде түсіндіре алмауы себеп болуы мүмкін.
«Біз әлеуметтік әділеттілік, ұлттық байлықты әділ бөлу, азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, қолжетімді медицина мен білім беру мәселелерін көтердік. Алайда қоғам өз таңдауын жасады. Саясаткер үшін күресумен қатар нәтижені қабылдап, одан сабақ алу да маңызды», – деді ол.
Ертісбаев ендігі уақытта назарын халықаралық саясат, тарих және сараптамалық қызметке аудармақ. Оның айтуынша, алдағы жұмысы әлемдік геосаяси үдерістерді, Орталық Азияның болашағын және Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын талдаумен байланысты болады.
Сонымен қатар ол тарихи тақырыптарға арналған ірі ағартушылық жобаны қолға алуды жоспарлап отырғанын айтты. Жоба аясында өткен онжылдықтардағы маңызды шешімдердің қазіргі қоғамға әсері талданбақ.
Жазбасының соңында Ермұхамед Ертісбаев Қазақстан халық партиясының жаңа басшылығына сәттілік тілеп, жақтастарын сайлау нәтижесіне байланысты көңіл түсірмеуге шақырды.
«Саясатта жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Адамның ұстанымы бір күнде жарияланған сайлау нәтижелерімен өлшенбейді. Біз өз мүмкіндігімізше жұмыс істедік. Ендігі міндет – қорытынды шығарып, жаңа бағытта алға жылжу», – деп жазды саясаткер.


