Сәрсенбі, 19 августа, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпҚазақстанда несие кешірілген жағдайда салықты алып тастау ұсынылды

Қазақстанда несие кешірілген жағдайда салықты алып тастау ұсынылды

Қазақстанда үмітсіз берешек пен алаяқтардың әрекетінен рәсімделген несиелер есептен шығарылған кезде азаматтарды жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден толық босату ұсынылды, деп хабарлайды Qaznews.kz.

Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 25-отырысында қаралды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының ұсынысына сәйкес, азаматтарға несие кешірілген жағдайда салық салудан босату тетігін сақтап қалу көзделіп отыр.

Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, есептен шығарылған қарыз сомасы қарыз алушының табысы ретінде танылады. Соның салдарынан азамат жеке табыс салығын төлеуге міндетті болады. Қазір мұндай жеңілдік тек Салық кодексінің 368-бабында көрсетілген жекелеген жағдайларға ғана қолданылады.

Серік Жұманғарин банктердің коммерциялық тәуекелдері мен қарыз алушылардың өмірлік қиын жағдайларын нақты ажырату қажет екенін айтты. Оның сөзінше, адамның еркінен тыс туындаған себептер салдарынан несие төлеу мүмкіндігін жоғалтқан азаматтарға мемлекет қолдау көрсетуі тиіс.

«Алаяқтардың құрбаны болған азаматтар мен шын мәнінде қиын өмірлік жағдайға тап болған қарыз алушылардың берешегі есептен шығарылған кезде олар жеке табыс салығын төлеуден толық босатылуы керек. Бұл мәселеде мемлекеттің ұстанымы айқын. Алайда банк өз балансын оңтайландыру немесе резервтерді қысқарту мақсатында коммерциялық несиені есептен шығарса, бюджет автоматты түрде салық түсімдерінен айырылмауы тиіс. Мұнда теңгерімді тәсіл қажет», – деді Серік Жұманғарин.

Осылайша, жаңа бастама қабылданған жағдайда алаяқтықтан зардап шеккендер мен қиын жағдайға тап болған азаматтар несие кешірілгеннен кейін қосымша салық төлеу міндетінен босатылуы мүмкін.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр